$ 498.34  519.72  4.85

Ресейдегі орман өрті ұлғайып барады

Өңірлік үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, қазір отқа оранған орман аумағы 700 мың гектарға жетіп отыр.

Ресей Федерациясының Иркутск облысында өрт шарпыған орман аумағы бір тәулікте 31 мың гектарға ұлғайды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. 

Өңірлік үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, қазір отқа оранған орман аумағы 700 мың гектарға жетіп отыр. Сенбі күнгі таңертеңгі уақыттағы мәлімет бойынша, Сібір орманының 670,3 мың гектары өрт құшағында қалған. 

«11 тамыздың таңында жалпы аумағы 16 мың 251 гектар болатын 21 өрт сөндірілді. Жалпы 102 мың 701 гектар аумақтағы 62 өртті ауыздықтай алмай отырмыз. Бұдан бөлек, бақылау аймағында 579 мың 955 гектар аумақтағы 59 орман жанып жатыр», - делінген хабарламада. 

Осылайша, тілсіз жау 701,4 мың гектар орманды жалмаған. 

Иркутск облысының губернаторы Сергей Левченконың мәлімдеуінше, өртті сөндіруге 1,5 мыңға жуық адам жұмылдырылды. 

«Орманды жалға алушылардың күштері де тартылды. Бізге өткен аптада Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктері де көмектесті. Басты міндет орындалуда, яғни өрттің елді мекендерге таралуына жол бермей отырмыз. Апта бойы Ил-76 ұшағы жұмыс істеді, ол бір ұшқанда 42 тонна су шашады», - деді Левченко. 

Деректерге қарағанда, 74 елді мекен түтінге тұншығып отыр. Киренск қаласында ауадағы зиянды заттар мөлшері, атап айтқанда, күкірт диоксиді 1,04 есе, көміртегі оксиді 1,2 есе, азот диоксиді 1,1 есе артқан. Левченконың айтуынша, жауын жаумағандықтан, өңірдің солтүстігінде бір ай бойы өрт бәсеңдемей отыр. 

Иркустк облысының гидрометеорология және қоршаған ортаны мониторингілеу басқармасының мәліметіне қарағанда, дүйсенбі күні жаңбыр жаууы тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары