26.08.2019, 02:12

Израиль Сирия астанасы Дамаск маңындағы нысандарға шабуыл жасады

Сирияның мемлекеттік басылымдары Израиль зымырандарының көбін әуе шабуылына қарсы күштер атып түсірді деп хабарлады.

Израиль әуе күштері 25 тамызға қараған түні Сирияның астанасы Дамаск маңындағы нысандарға шабуыл жасады. Израиль әскерилерінің мәлімдемесінде Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусының "Әл-Құдыс" элиталық жасағының шетелдегі нысандарына шабуыл жасалғаны айтылған. Израиль барлауының мәліметінше, Иран күштері жақын күндері Сирия аумаңынан дронның көмегімен израильдік нысандарға шабуылдауды жоспарлаған, деп жазады Азаттық.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Twitter-дегі парақшасына Израильге қауіп төндіретін Иранның нысандарына алдағы уақытта да соққы берілетін болады деп ескертті. "Егер әлдекім сені өлтірмекші болса оның көзін бірінші боп құрту керек" деп жазған ол.

Сирияның мемлекеттік басылымдары Израиль зымырандарының көбін әуе шабуылына қарсы күштер атып түсірді деп хабарлады. Әзірге қаза тапқандар мен қираған нысандар туралы нақты ақпарат жоқ.

Израиль әскерилері соңғы кездері Иран мен Сириядағы оны жақтайтын күштерге бірнеше рет шабуыл жасаған, бірақ ресми түрде ол туралы түсініктеме бермей келген.

Ливан әскерилерінің мәліметінше, жексенбіге қараған түні изарильдік екі дрон Бейруттың оңтүстік жағындағы шииттік "Хезболла" радикалды тобының нысаны маңына құлаған. Оның біреуі жарылып, нысанға зардап келтірген. Әзірге дрондардың қалай құлағаны белгісіз, Израиль әскерилері ол туралы түсініктеме берген жоқ.

Тегтер: Израиль Сирия