Қырғызстан билігі ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары, экс-президент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясына қатысып, Атамбаевты билікке берілуге көндірген Курсан Асановтың ұлына іздеу жариялады.
29 тамызда Қырғызстан Бас прокуратурасы қайда екені белгісіз 22 жастағы Мухаммед-Али Асановты қамауға соттың сырттай рұқсат бергенін хабарлады. Ол бұрынғы президентті ұстау операциясы кезінде әкесіне Атамбаевтың үйінен белгісіз заттарды шығаруға көмектескен деп күдікке ілінген. Прокуратура "бұл заттар бірнеше қылмыстық айып тағылған Атамбаев ісінде маңызды айғақ болуы мүмкін еді" дейді. Бас прокуратура мәлімдемесіне қарағанда, Асановтың ұлы мен көмекшісі Дамирбек Пайзылдауулу бұл заттарды Атамбаевтың жақтастарына берген.
Бас прокуратура мәлімдемесі сот Курсан Асановты 13 қазанға дейін үйқамаққа жіберген соң, екі күннен кейін жарияланды. Бұрынғы вице-министрге 8 тамыз күні Атамбаевпен келіссөз кезінде лауазымын асыра пайдаланды деген айып тағылған. Кой-Таш ауалында екі күнге созылған Атамбаевты ұстау операциясы кезінде арнайы жасақтың бір сарбазы қаза тауып, ондаған адам жарақат алып еді.
Асанов министр орынбасары қызметінен 13 тамыз күні "милиция мүддесін сатып кетті" деген айыптан соң қуылған.
Бас прокуратура сөзінше, 7-8 тамыздағы арнайы жасақ пен экс-президент жақтастары арасындағы қақтығыс кезінде Асанов пен Пайзылдауулу Атамбаев пен оның жақтастарына құпия деректі жария етіп, белгісіз заттарды табыстаған.
Он күн бұрын, 20 тамызда сот бұлтартпау шарасы ретінде Атамбаевтың өзін 26 қазанға дейін қамауда қалдырған. Атамбаевқа "тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару айналымы", "тергеуге кедергі жасау", "кепілге адам алу", "кісі өлтіру" және "адам өлтіруге оқталу" баптары бойынша 14 айып таққан. Бұрынғы президент өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, олардың саяси астары барын айтады.
Дереккөз: Азаттық