07.09.2019, 20:55

Украина мен Ресей өзара тұтқындармен алмасты

Тұтқындарды қарсы алған Зеленский бұл қақтығысты тоқтатуға апаратын "алғашқы қадам" деді.

7 қыркүйекте Украина мен Ресей өзара тұтқындармен алмасты. Екі ел бір-біріне 35 азаматын бір мезгілде тапсырды, деп жазады Азаттық.

Борисполь әуежайында тұтқындарды Украина президенті Владимир Зеленский және қарапайым азаматтар қуана қарсы алды. Украинаға оралғандардың арасында режиссер Олег Сенцов және өткен жылдың аяғында Керчь бұғазында ресейлік әскерилер ұстаған 24 украин теңізшісі болды.

Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға Украинаның үкімет күштері мен елдің шығысындағы Ресей қолдайтын сепаратистер арасындағы бес жылға созылған соғысты тоқтату бойынша жаңа келіссөздер өткізуге жол ашуы мүмкін.

Тұтқындарды қарсы алған Зеленский бұл қақтығысты тоқтатуға апаратын "алғашқы қадам" деді.

Ресейдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова "арандату әрекеттері" мен кейбір қиындықтарға қарамастан екі ел тұтқындармен алмасты деп мәлімдеді.

"Бұл өте маңызды қадам. Мәселені ушықтырмай шешетін осындай қадамдарды барынша қолдау керек. Саяси ерік-жігер және жүйелі түрде жұмыс істеу өз жемісін береді" деді Мария Захарова.

Екі ел алмасуға келіскен тұтқындардың саны мен аты-жөндері көпке дейін белгілі болған жоқ. Ресей түрмелерінде бес жыл отырған Олег Сенцов Украинаға оралған соң "Біздің бостандығымыз үшін күрескен азаматтардың барлығына алғыс айтамын" деді.

Украина мен Ресейдің тұтқындармен алмаса бастағаны бүгін таңертең белгілі болды. Екі ел билігі арасындағы келіссөз бірнеше айға созылды. Бұл - тұтқындар алмасу бойынша 2017 жылдан бергі ең ірі оқиға.

Тегтер: Украина