Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай басталған ұлы ақын өлеңдерін жатқа оқу эстафетасы Иранның Шираз қаласында жалғасын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат, parstoday ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Аталған ақпарат көзінің мәліметінше, қазақстандық зейнеткер, қазақ тілі мен әдебиетінің ұстазы Майра Нұрмақова бұл жолғы шетелдік сапарында Абай өлеңдерін дәріптеуді қолға алған екен. Майра ханым бұл эстафетасын зиярат ете барған парсы шайырлары Хафиз және Сағдимен Абай өлеңдерін сәйкестендіре оқыды.
«Батыс Қазақстан облысының Орал қаласынан Иранға туристік сапармен келген зейнеткер ұстаз Майра Нұрмақова Шираз қаласына сапары барысында парсы поэзиясының әйгілі шайырлары Хафиз бен Сағдидің кесенелеріне зиярат еткен. Сондай-ақ, осы жерде қазақстандық турист қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Сегіз аяқ» және «Ғылым таппай мақтанба» сынды танымал өлеңдерін жатқа оқып, эстафетаны жалғастырған» деп жазады parstoday.com.