Жапонияға төнген «Хагибис» тайфунының салдарынан 19 адам қаза болып, 16-сы із-түзсіз жоғалып кетті. Бұл туралы Kyodo News-ке сілтеме жасаған Holanews.kz хабарлады.
Сонымен қатар, тағы 100-ге жуық адам зардап шеккен.
Мамандардың бағалауынша, Жапонияның басқа аудандарында да су тасқындары болуы мүмкін.
Елдің басты аралы – Хонсюда тұратын 6 миллионнан астам адамды эвакуациялау қажеттігі мәлім болды. Пойыздар тоқтап, Токио мен оған жақын маңдағы аудандарда әуежайлар жабылды.
Жексенбі күні Токиода, сондай-ақ Жапонияның орталық және шығысындағы басым аумақта халықты эвакуациялау ұсынысы кері қайтарылғанымен, Жер ресурстары, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігінің мәліметінше, 12 префектурада топырақ көшкіні мен сел тасқындарының 48 оқиғасы тіркелген. Сондай-ақ 9 өзен тасыған.
Су бөгеттерінің жарылуының алдын алу мақсатында кейбір нысандарда суды ағызып жіберу шараларына рұқсат етілді.
Жергілікті жағалау күзетінің ақпаратына сәйкес, сенбі күні кешке Токио шығанағында 12 экипаж мүшесі мінген панамалық жүк кемесі суға батып кеткен. Бұл аумақта құйынды жел мен нөсерлі жауын болған. Жексенбі күні таңертең экипаждың бес мүшесі құтқарылды. Алайда, олардың бірі кейін көз жұмды.