Сирияның солтүстік-шығысындағы күрдтердің автономия әкімшілігі Айн-Исса лагерінен "Ислам мемлекеті" террористік тобына қатысы бар бірнеше жүз адамның қашып шыққанын хабарлады. Лагерь "Сирия демократиялық күштері" бақылауындағы аумақта орналасқан.
9 қазанда Түркия Сирия солтүстігінде күрдтерге қарсы әскери операция бастады. Анкара оларды "террорист" деп санайды. Күрдтердің автономия әкімшілігінің хабарлауынша, лагерьді Түркия операциясына қатысып жатқан сириялықтар атқылаған.
Күрдтер "Ислам мемлекеті" террористік тобының қайта күшеюі мүмкін екенін айтып, ендігәрі "жиһадшыларды" күзетуге басымдық бере алмайтынын хабарлады. Бұл лагерьлерде шамамен 12 мың тұтқын бар екені айтылады.
Дамаск Сирия солтүстік-шығысындағы күрдтердің автономиялық әкімшілігін мойындамайды. Сирияның мемлекеттік арналарының хабарлауынша, күрд әскері Айн-Исса ауданын тастап кеткен.
Түрлі дереккөздері әскери операция басталғалы бері кемінде 80 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын хабарлады. Түріктер жағынан бірнеше сарбаз, күрдтер жағынан 70-тен астам адам мерт болды. БҰҰ дерегінше, шамамен 130 мың адам үйлерін тастап қашуға мәжбүр болған.
Батыс елдері Анкара шабуылын айыптады. Вашингтон күрдтерді "Ислам мемлекеті" террористік тобымен күресте одақтас санайды. АҚШ пен Еуроодақ шабуылға байланысты Анкараға санкция салуы мүмкін екенін ескертті.
Дереккөз: Азаттық