АҚШ-тың Вустер қаласында 12 жастағы оқушыны сабаққа қатыстырмай қойған. Оған 7-сынып оқушысының дене шынықтыру пәнінің мұғалімін құшақтауы себеп болыпты.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NBC Boston порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Мектептегілер 12 жастағы оқушыны мұғалімге алымсақтық жасады деп айыптап, 10 күнге оқудан шеттеткен.
«Маған ұлымның мұғалімнің денесіне қол жүгірткенін айтты. Мұны естіп, шок болдым. Мән-жайын сұрадым. Сол кезде оның дене шынықтыру пәнінің мұғалімін құшақтап алғанын түсіндірді», - дейді оқушының анасы Джули Ороско.
Оқушының сөзінше, сол күні ол спортзалда сыныптастарымен бірге есерленіп, ойнап тұрған екен. Осы кезде педагог одан орындыққа отыруын сұрапты.
«Сол кезде мен мұғалімнің жанына барып, құшақтап: «Өтінемін, мені жазаламаңызшы!» - деп сұрадым. Себебі маған сыныптастарыммен ойнаған ұнайды. Мен оны жай ғана құшақтадым. Ойымда артық ештеңе болған жоқ», - дейді оқушы.
Арада 5 минут өткеннен кейін мұғалім оған балалармен ойнауға рұқсат берген.
Оросконың айтуынша, келесі сабақ басталғанда ұлын директордың кабинетіне шақырыпты.
«Мұғалім өзін ұстатып, құшақтауға жол берсін демеймін. Тек оның оқушыларға арадағы қарым-қатынас ережелерін дұрыс түсіндіргенін қалаймын», - дейді оқушының анасы.
Ата-ана мен мектеп арасындағы әңгіме мен ата-аналар жиналысынан кейін мектеп оқушыға берілген жазаны жеңілдетті. Нәтижесінде оқушы оқудан 4 күнге шеттетіліп, оның жеке мәліметтеріне болған жайт туралы мәлімет енгізбейтін болды.