Каталониядағы жаппай ереуілдер басылар емес. Төрт күнге жалғасқан наразылық акциясынан 150 адам зардап шекті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Барселона әлі тынышталған жоқ. Ереуілге шыққан жұрт көшедегі дәмханалардың затын төңкеріп, тіпті өртеп, кәсіпкерлердің мазасын алды.
Алдымен бұл акциялар бейбіт түрде жүрген еді. Көшеге шыққан мыңдаған халықтың арасында мектеп оқушылары мен студенттер басым. Олар Испаниядан бөлінуді талап еткен каталондық саясаткерлерді қамаудан босатуды талап етті. Жақында заңсыз референдум өткізген 9 шенеунікке қатысты сот үкімі шыққан болатын.
Ереуілшілердің айтуынша, оларға тым қатаң жаза тағайындалған. Жиналған жұрт кешқұрым Ла Рамбла деп аталатын туристік аудандағы көшелердің бірінде от жақты.