Екі аптаға жуық тыныштықтан кейін Гонконгте демократияшыл көңіл күйдегі мыңдаған белсенді тағы да шеруге шықты, деп хабарлайды azattyq.org.
AP және Reuters агенттіктерінің мәліметіне қарағанда, жексенбі күні рұқсат етілмегеніне қарамастан өткен шеруге ондаған мың адам қатысқан. Полиция бұл жолы да көзден жас ағызатын газ қолданып, су шашты. Шеруге шыққандардың кейбір тобы полицияға жанғыш бөтелке лақтырып, көшелерді бөгеп тастаған. Зардап шеккендер жайлы ақпарат жоқ.
Гонконгтегі қарсылық марштары қылмыстық іске күдікті деп танылғандарды Қытайға экстрадициялау туралы заң жобасына қарсы осыдан төрт ай бұрын басталған. Одан бері Гонконг әкімшілігі заң жобасынан бас тартқанын бірнеше рет мәлімдесе де Гонконгтің Қытайдан егемендігін қорғау жайлы ұран көтерушілер легі толастамады.
Қарсылық акциялары барысында екі адам оқ тиіп жараланды, біреуі қайтыс болды. Мыңдаған адам жеңіл жарақаттанды, екі жарым мыңнан астам адам қамауға алынып, қуғын-сүргінге ұшырады.