Музыка өнерінің рок бағытында ән шырқаған Курт Кобейннің кардиганы 334 мың долларға сатылды, деп хабарлайды 24.kz.
Бұл туралы Juliens Auctions аукцион сауда үйі Twitter желісіндегі парақшасында жазған. Нью-Йорктегі кафелердің бірінде өткен аукцион «Иконалар мен идолдар: рок-н-ролл» деп аталды.
Винтажды затты Кобейн 1993 жылы Nirvana тобының құрамында MTV Unplugged шоуы кезінде киген. 2015 жылы кардиган аукционда 137 мың долларға сатылған еді, бастапқы бағасы 40-60 мың доллар болған. Осыған дейін әншінің темекі шоғына күйіп қалған жемпірі 200 мың доллармен сатылымға қойылғаны айтылған еді.
Курт Кобейн – Nirvana лидері, гранж стилін қалыптастырғандардың бірі. Музыкалық топ үш студиялық және бір концерттік альбом шығарды. Кобейн өз өміріне қол салғаннан кейін, Nirvana 1994 жылы тарады.