31.10.2019, 11:15

«Мұсылмандарды өртеді»: 64 жастағы бұрынғы сарбаз 20 жылға сотталды

64 жастағы Радомир Сусниярға (Лалко деген атпен де белгілі) «адам өртеуден» бөлек, ұрлық және азаматтарды заңсыз қамау бойынша айып тағылған.

Босния-Герцеговина соты 1992-95 жылдар аралығында Босниядағы соғыс кезінде «57 мұсылманды өртеді» деп айыпталған бұрынғы босниялық сарбазды 20 жылға соттады, деп хабарлайды azattyq.org.

64 жастағы Радомир Сусниярға (Лалко деген атпен де белгілі) «адам өртеуден»  бөлек, ұрлық және азаматтарды заңсыз қамау бойынша айып тағылған.

Коритник қаласына шабуылдан кейін ұсталған бір топ босниялық мұсылман бір үйге қамалып, сыртынан от қойылған. Сот дерегінше, Суснияр мен өзге де босниялық серб сарбаздары үйден ешкім қашып кетпеуі үшін оқ атып, сес көрсеткен.

Ұзақ жыл Францияда тұрған Суснияр 2014 жылы ұсталып, Франция түрмесінде төрт жыл отырды. 2018 жылы Боснияға экстрадицияланды. 2012 жылы халықаралық сот дәл осындай қылмыс бойынша айыпталған босниялық ағайынды Милан және Средове Лукичке өмірлік жаза және 27 жыл түрме жазасын берген.