$ 446.49  475.38  4.79

Тілсіз жау Жапониядағы Сюри сарайын да күлге айналдырды

Бұл ғимарат ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары тізіміне енетін, Окинаваның ең көрікті әрі тарихи ордасы еді.

Тілсіз жау Жапониядағы Сюри сарайын да күлге айналдырды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Бұл ғимарат ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары тізіміне енетін, Окинаваның ең көрікті әрі тарихи ордасы еді. Өрт сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні тұтанған. Ондаған өрт сөндірушілер тобы тартылғанымен, ағаштан тұрғызылған сарай түк қалмай жанып кетті. 500 жылдық тарихы бар ғимараттың басым бөлігі қолданысқа келмейді. Әзірге тілсіз жаудың себеп салдары белгісіз.

Окинавадағы Сюри сарайы 15-ші, 19-шы ғасырлар аралығында мемлекеттің бас ғимараты саналған. Ағаштан тұрғызылған кешенді көру үшін жылына аралға он мыңдаған туристер келеді екен. Дегенмен, Жапония билігі ежелгі ескерткішті қайта қалпына келтіреміз деп отыр. Себебі 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарының алауы осы ғимараттан өтуі керек болатын. 

Есихидэ Суга, Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы: 

– ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне кіретін Сюри сарайы – Окинаваның басты нышаны еді. Өрттен кейінгі ғимаратты көріп, жүрегім ауырды. Окинава халқына да қиынға соғып отыр. Билік өкілдері кешенді қайта қалпына келтіру үшін қолдан келгенін жасайды. 

Орман өртінен қалталы аюлар қырылды 

Ал Аустралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында орман өртінен жүздеген қалталы аю қырылып қалды. Мамандар бұл жәйтті ұлттық деңгейдегі қайғылы оқиға деп атады. Себебі, экологтардың айтуынша, соңғы он жылда хайуандардың бұл түрі күрт азайған. Қазір әлем бойынша 43 мың дана қалталы аю ғана бар. Ал өңірде құрғақ жел салдарынан 50 шақты өрт ошағы тіркелген. 

Орман өрті өршіп тұр 

Бұл арада Америкадғы орман өртінің де өршіп тұрғанын айта кетейік. Калифорнияда қауіптіліктің қызыл деңгейі жарияланды. Тілсіз жау жүздеген ғимаратқа зақым келтірді. Тұрғындарды эвакуациялау жалғасып жатыр. Айта кетейік, АҚШ-тағы өрт бір аптадан бері жалғасуда. Өрт сөндірушілердің қызыл жалынның бетін қайтаруға шамасы келмей жатыр. 2 млн астам тұрғын жарықсыз отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Жапония