АҚШ-тың әділет министрлігі Twitter-дің бұрынғы екі қызметкері және олардың Сауд Арабиясындағы әріптесін Эр-Риядқа тыңшылық жасады деп айыптады, деп хабарлайды azattyq.org.
Сот құжаттарындағы дерекке сәйкес, олар әлеуметтік желі қолданушыларының жеке деректерін жинап, Сауд Арабиясы билігіне берген және сол үшін сыйақы алған. Құжатта Эр-Риядты сынаған алты мыңнан астам Twitter қолданушысының жеке дерегі жайлы айтылады.
АҚШ-тың құқық қорғау органдары Twitter-дің бұрынғы қызметкерлері Әли Альзабара, Ахмад Абуаммо және Ахмед Альмутайриді шетел агенті ретінде тіркелмей, Сауд Арабиясына жұмыс істеді деп айыптап отыр. АҚШ азаматы Ахмад Абуаммо қамауға алынған. АҚШ-тың әділет министрлігінің хабарлауынша, қалған екеуі басқа елге кеткен. Қолданушылардың жеке деректерін бергені үшін Twitter-дің бұрынғы қызметкерлері Эр-Риядтан ақша және өзге де қымбат заттар алған.
АҚШ-тың Таяу Шығыстағы негізгі әріптесі саналатын Сауд Арабиясын Батыс адам құқығын өрескел бұзды деп бірнеше рет сынаған. Өткен жылы оппозициялық журналист Жамал Хашоггидің өліміне байланысты Эр-Рияд өткір сыналды. Сауд Арабиясы бұған қоса, Йемендегі азаматтық соғысқа араласқаны үшін сынға ұшыраған.
Twitter басшылығы АҚШ-тың әділет министрлігі мен ФБР-ға (федералдық тергеу бюросы) алғыс айтты. Компания өкілдері «Twitter арқылы пікірін айтып, сол арқылы биліктің жауапкершілігін арттыруға тырысқан адамдардың басындағы жағдайды» түсінетінін айтты.