13.11.2019, 09:45

Жап-жас гимнастшы қыз жаттығу кезінде құлап, ажал құшты

фото: WABC-TV
Қыз баланың бұрынғы бапкері Томас Альберти жаттығу кезінде болған бұл жағдайды «қайғылы оқиғамен аяқталған тосын жағдай» деп атады.

Коннектикут штатында 20 жастағы гимнастшы қыз жаттығу кезінде құлап, қайтыс болды, - деп хабарлайды Fox News қыз бала оқыған университет өкілдеріне сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, 8 қарашада Мелани Коулман жаттығу кезінде қоссырықтан (брусья) құлаған. Ол омыртқасын зақымдап, ауруханаға жеткізілген. Екі күн өткен соң гимнастшы қыз қайтыс болған. 

Дәрігерлер оның өмірін аман алып қала алмаған. Қыз баланың бұрынғы бапкері Томас Альберти жаттығу кезінде болған бұл жағдайды «қайғылы оқиғамен аяқталған тосын жағдай» деп атады.  Мелани Коулман гимнастикалық команданың капитаны және Олимпиада ойындарына мемлекеттік дайындық бағдарламасының қатысушысы болады. Былтыр қыз баланың өнерін тамашалаған АҚШ гимнастика федерациясы қыздың талантты екенін байқаған.

 Дереккөз: Tengrinews.kz