$ 494.87  520.65  4.91

«Белсенділер бірнеше адамның өлгенін айтты»: елде интернет пен мобильді байланыс үзілді

Жаппай наразылық акциялары 15 қарашада басталған. Оған бензин бағасының қымбаттауы және жанар-жағар майды сатуға шектеу қойылғаны себеп болған.
Фото: azattyq.org
Фото: azattyq.org

Бензин бағасының қымбаттауына байланысты Иранда жаппай наразылық акциялары жалғасып жатқан кезде интернет пен мобильді байланыс үзілді. Елдің басым бөлігінде коммуникация құралдары істемейді, деп хабарлайды Азаттық радиосы

Жаппай наразылық акциялары 15 қарашада басталған. Оған бензин бағасының қымбаттауы (бір литр бензин 13 центке қымбаттады) және жанар-жағар майды сатуға шектеу қойылғаны себеп болған. Биліктің түсіндіруінше, осылайша экономикалық мәселелерді шешуге болады. Иранның ақпарат құралдарының хабарлауынша, сенбі күні кемінде 40 қалада наразылық акциясы өткен.

Иранның ақпарат агенттіктері мен әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, наразылар үкіметке қарсы ұран көтерген. Әлеуметтік желілерде тараған видеода радикалды белсенділердің жанар-жағар май станциялары мен қаржы мекемелерін өртеп, полицейлермен төбелескені көрінеді. Алайда Reuters агенттігі бұл видеолар мен суреттердің растығын дәлелдей алмады.

Мемлекеттік иран телеарнасының хабарлауынша, полиция наразыларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ шашып, күш қолданған. Шеру кезінде ресми дерек бойынша бір адам қаза тапқан. Ал белсенділер бірнеше адамның өлгенін айтты. Ондаған адам жараланған.

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи 17 қарашада үкіметтің бензин бағасын қымбаттату туралы шешімін қолдайтынын мәлімдеп, "қоғамға іріткі салған" Иранның "жауларын" кінәлады.

2017 жылы Иранда 80 елді мекен тұрғындары әлеуметтік жағдайдың төмендігін айтып, қарсылық акциясына шыққан. Полицеймен қақтығыста 22 адам өлген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Иран