Фукусима префектурасында трансплантация үшін жүрек алып бара жатқан полиция тікұшағы сенбі күні Жапонияның солтүстік-шығыс префектурасында қонар кезде апатқа ұшырады. Борттағы жеті адам да зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Трансплантация үшін жүрек алып бара жатқан тікұшақ Корияма қаласында күріш алқабына құлады.
Бортта үш полицей, екі медқызметкер және екі техқызметкер болған, деп хабарлайды Kyodo.
Полицияның мәліметінше, медицина қызметкерлерінің бірі ауыр жарақат алған. Дегенмен, жарақаты өміріне қауіп төндіріп тұрған жоқ.
Жүрек сенбі күні Фукусимадағы ауруханалардың бірінде 50 жастағы ер адамнан алынған еді. Жүрек ауыстыру бойынша жоспарланған операция тоқтатылды. Себебі, донорлық органдар тек қысқа уақытқа сақталады. Фукусима метеорологиялық басқармасы Кориямедегі қатты желге байланысты ескерту жариялаған еді.
Апат Асаканагамори стансасынан батысқа қарай 12 шақырымда болған. AgustaWestland AW139 тікұшағының құйрығы мен қалағы соғылған кезде бөлініп қалған. Өңірлік құтқарушылар қауымдастығы таңғы сағат 8:10-да апаттық қызметтің шақырылғанын хабарлады. Оқиға орнына жақын ғимарат 200 метр қашықтықта болған.