03.02.2020, 05:50

Коронавирусқа шалдыққандарға арналған ауруханалардың бірі 10 күн ішінде салынып бітті (ФОТО)

Фото: Getty Images
Аурухана құрылысы 23 қаңтардың кешінде басталған еді.

Қытайдың Ухань қаласында тек коронавирус індетіне шалдыққандарға арналған екі аурухананың біреуі салынып бітті. Бұл туралы жексенбі күні Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары хабарлады.

Аумағы 25 мың шаршы метрді қамтитын, бір мезетте мың науқасты қабылдауға қауқарлы «Хуошэньшань» ауруханасы бүгін жұмысын бастайды.

Онда 1 400 әскери дәрігер жұмыс істейтін болады. Аурухана құрылысы 23 қаңтардың кешінде басталған еді.

24 қаңтарда жер қазушылар аурухана салынатын жерді тегістеуге кіріскен. Аурухананың қаңқасы құрастырмалы бөліктерден құралған.

Ол бұған дейінгі құс тұмауы індеті кезінде Бейжіңде салынған аурухана үлгісімен тұрғызылды.

Қытайдың мемлекеттік CCTV арнасы құрылыс алаңынан үздіксіз тікелей эфир таратты. Global Times  басылымының хабарлауынша, Қытайдағы құрылыстың тікелей көрсетілімін 40 миллионнан астам адам көрген.