Мектепте баспалдақ опырылып түсіп, апат салдарынан бастауыш сыныпта оқитын 14 бала қаза тауып, 39 оқушы зардап шекті. Қайғылы оқиға Кенияның Какамега қаласында болған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Daily Mail дерегіне сілтеме жасап.
Қаза болған балалардың жасы небәрі 10-12 жаста. Зардап шеккен балалардың ата-аналарының сөзіне сенсек, оқушылар өздерін ұрып-соққан мұғалімдерден қашқан екен. Сол кезде олар бір-бірін басып, сығылысып қалыпты. Көп балалардың бір жерге сығылысып қалғандықтан конструкция көп баланың салмағын көтере алмаған. Кейбір басылым мәліметтеріне көз жүгіртсек, оқушылар 3 қабаттың биіктігіндей жоғарыдан құлаған. "Оқушылар мектептен үйге қайтатын кезде баспалдақпен түсіп келе жатқанда бірін-бірін басып кеткен. Апат болған ғимарат 3 қабатты", - дейді Кениядағы Қызыл крест ұйымының өкілі Питер Абвао.
Джордж Магоха есімді Білім министрі 14 баланың оқыс жағдайда көз жұмғанын растап отыр. Оған қоса, апат кезінде 39 оқушы түрлі жарақаттар алған, екеуі жансақтау бөліміне орналастырылды.
Фотолар: dailymail.co.uk
"Жедел жәрдемнің аудандық ауруханаға келе жатқанын көріп, бірдеңе болғанын іштей сездім. Бірақ қызымның өліп кеткенін білген жоқпын", - дейді жергілікті Памела есімді қайғыдан қан жұтқан ана. Памеланың 9 жастағы қызы Ванеса Андезо апат кезінде қаза болған.
Кенияның Білім министрі апатқа байланысты балаларынан айырылған ата-аналарға қайғырып көңіл айтты.
Қазір полиция мектеп аумағын қоршауға алды, тергеу жүргізілуде.