Қырғызстандық азамат ойда-жоқта бас бостандығынан айырыла жаздады. Себебі ол, бұдан екі жыл бұрын әлі кәмелетке толмаған туған қызын тұрмысқа берген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс былтыр Мәскеуде қозғалған. Кәмелетке толмаған келіншек күйеуімен бірге ауруханаға түсіп қалғанда оның жасы 17-де болған. Сол кезде оны ата-анасы алдыңғы жылы тұрмысқа бергені әшкере болды. Қыз енді ғана 18 жасқа толса да, бір баласы бар екен.
Соның салдарынан, кәмелетке толмаған қызын тұрмысқа бергені үшін әлгі қыздың әкесі жазаға тартылды. Абырой болғанда қыздың әкесі кінәсін толықтай мойындаған. Қызы болса, өз еркімен тұрмысқа шыққанын алға тартып отыр.
Сот екі тараптың да уәжін тыңдап, заң бұзған адамды түрмеге отырғызбай, оған шартты жаза тағайындады.
Естеріңізде болса, Қырғызстанда 2016 жылдан бері кәмелетке толмаған балалардың некесін қиюға заңмен тыйым салынған. Егер заңбұзушылыққа жол берілсе, жасөспірімнің ата-анасы да, некені қиған имам да жауапкершілікке тартылады.