14.07.2020, 05:00

Италиядағы ТЖ режимі 31 қазанға дейін ұзартылуы мүмкін

Бүгінге дейін елде вирустан 34 967 адам қайтыс болды.

Коронавирус инфекциясына байланысты Италияда енгізілген төтенше жағдай режимі биылғы 31 қазанға дейін ұзартылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат ANSA агенттігіне сілтеме жасап.

Індетке қатысты ахуалға орай Италия Үкіметі төтенше жағдайды созу мәселесін қарастыруда. Үкіметтегі дереккөздердің мәліметінше, бұл ұсыныс осы аптада өтетін министрлер кабинетінің отырысында енгізіледі.

Италияда өткен жексенбі күні коронавирусты жұқтыру бойынша жаңадан 234 жағдай тіркелді. Дүйсенбі күні көрсеткіш сәл төмендеді – 169 жағдай.

Бүгінге дейін елде вирустан 34 967 адам қайтыс болды. Жалпы COVID-19 диагнозы 243 230 адамға қойылды. Бұл санға жазылып шыққандар, қайтыс болғандар және ем-домын жалғастырып жатқандар енгізілген.