АҚШ Мемлекеттік департаменті Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты қара тізімге енгізді. Мемлекеттік хатшы Майк Помпеоның тиісті мәлімдемесі агенттіктің сайтында жарияланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Дождь арнасына сілтеме жасап.
«Бұл Қадыровтың Шешенстандағы адам құқықтарын өрескел бұзу әрекетіне байланысты. Біздің қолымызда Қадыровтың ондаған жылдар бойы адам құқығын өрескел бұзумен қатар, адамдарды өз бетімен сотсыз жазалағаны жөнінде бұлтартпас деректер бар», - деп мәлімдеді Помпео.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде сонымен қатар Қадыровтың коронавируспен күрес дегенді желеу етіп Шешенстандағы адам құқығын одан әрі бұзып жатқаны айтылған.
«Біз адам құқықтарына бей-жай қарамайтын, көзқарасы бірдей елдерді осындай шараларды қабылдауға шақырамыз», - деген Помпео өз мәлімдемесінде.
Санкцяға сәйкес, Қадыровтың АҚШ-қа кіруіне тыйым салынып отыр. Сондай-ақ, бұл тыйым Қадыровтың әйелі Медни мен оның қыздары Айшат пен Кариналарға қатысты.
Бұған дейін Қадыров АҚШ Қаржы министрлігінің санкциялар тізіміне енген болатын, бұл оған АҚШ аумағында активтерге ие болуға тыйым салады.
Бір қызығы, Америка Құрама Штаттарының бұл әрекетіне Рамзан Қадыров қолына пулемет қаруын ұстап тұрып түскен фотосы арқылы жауап берген. «Помпео, біз жекпе-жекті қабылдаймыз! Бұл бұдан әрі қызықты болады!», - деп жазған өзінің Telegram каналында.