Берлинде 20 мыңға жуық тұрғын коронавирустық пандемияға байланысты енгізілген шектеу шараларына қарсы митингке шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Акцияға «пандемияның аяқталуын» қалайтын «Querdenken» қозғалысының қолдаушылары қатысты. Олардың қолында «Корона, жалған дабыл», «Бізді маска киюге мәжбүрлейді», «Вакцинацияның орнына табиғи қорғаныс» және «Біз екінші толқынбыз» сынды ұрандар жазылған плакаттары бар. Сондай-ақ, олардың әлеуметтік қашықтықты сақтамағаны және жеке қорғаныс құралдарын пайдаланбағаны атап өтілді.
Митинг полицияның араласуынан кейін аяқталды. Құқық қорғаушылар алдын-алу шараларын сақтамағаны үшін акция ұйымдастырушысына шағым түсірді.
«Мыңдаған ковидиоттар (қоғамдық денсаулық пен қауіпсіздік ескертулерін елемейтіндер) өздерін «екінші толқын» деп атайды. Олар біздің денсаулығымызға ғана емес, пандемиямен күрестегі барлық жетістіктерге қауіп төндіреді және экономиканы, білім мен қоғамды әлсіретуді жоспарлап отыр. Жауапсыздық» деп жазды Германия Социал-демократиялық партиясының жетекшілерінің бірі Заския Эскен.