Еуроодақ Беларусьтегі жаппай қарсылық шерулерін қатыгездікпен басуға бұйрық берген шенеуніктерге қарсы санкция салуды қарастырып отыр. Бұл туралы Еуроодақ елдері СІМ басшыларының кезектен тыс отырысына қатысқан Германия Cыртқы істер министрі Хайко Мас мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Reuters агенттігі аты-жөні аталмаған дипломатқа сілтей отырып, санкция салудың бірінші қадамы жөнінде келісім жасалғанын хабарлады. Келесі қадам Еуроодақтың сыртқы саяси қызметіне қара тізімге енетіндердің тізімін жасауды тапсыру болмақ.
DPA агенттігі санкция тізіміне президент сайлауының нәтижесін бұрмалауға тікелей жауапты адамдар да кіреді деп хабарлады.
Санкция салуды белсенді түрде қолдап отырған елдер – Австрия, Германия және Швеция. Польша, Чехия және Балтық елдері Беларусь оппозициясы мен Александр Лукашенко арасында келіссөз жүргізуге арашашы болуды жөн көріп отыр. Венгрия Беларуське қарсы санцияға скептикамен қарайды. Дегенмен, ресми Будапешт шектеулі тізімнің жасалуын қолдауға келісті. Тізімге кірген адамдардың Еуроодақ территориясындағы активтері бұғатталып, олардың Еуроодақ елдеріне кіруіне тыйым салынады.
Reuters агенттігі дипломатиялық дереккөздеріне сілтей отырып, «қара тізімнің» тамыздың соңына дейін жасалуы мүмкін екенін хабарлады.