$ 494.87  520.65  4.91

Елеусінов Мексикадағы жекпе-жегі болмайтынын рингке шығар алдында бір-ақ білді

Мексика билігі осы турнир аясындағы басқа жекпе-жектер жоспарланған уақытта өтетінін хабарлады.

Қазақстандық боксшы Дәурен Елеусіновтің Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) титулы үшін өтетін жекпе-жегі кейінге қалдырылғаны бокс кеші басталып кеткенде бір-ақ белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Sputnik-ке сілтеме жасап.

Дәурен Елеусіновтің (8-0-1, 7 КО) боксшы Хуан Карлос Райгосамен (16-15-3, 6 КО) жекпе-жегі Мексикада 16 тамызға қараған түні өтуі тиіс еді. Бір қызығы, қазақстандық боксшы жекпе-жектің болмайтынын бокс кеші басталып кеткенде бір-ақ білген. Турнир өтіп жатқан Гвадалахара қаласы COVID-19 жұқтыру бойынша «қызыл» аймақта орналасқандықтан, билік алаңдаушылық танытып, осындай шешім қабылдаған.

Мексика билігі осы турнир аясындағы басқа жекпе-жектер жоспарланған уақытта өтетінін хабарлады. Сондықтан Елеусінов пен Райгосаның титулды жекпе-жегі бір аптадан кейін Мехико қаласында өтетін болды.

«Құрметті қазақстандықтар, жергілікті көрермендердің шектен тыс жиналуына орай Гвадалахара әкімшілігі коронавирусқа байланысты жекпе-жекті келесі аптаға ауыстырды» деп жазды Елеусінов Instagram-дағы парақшасында.

Айта кетсек, 34 жастағы Елеусіновтің алдағы кездесуі – Мексикадағы екінші жекпе-жегі. Алғашқысы 2019 жылдың ақпанында өткен болатын. Боксшы 2014 жылдың желтоқсанында кәсіпқой боксқа келді, 9 жекпе-жектің 8-ін АҚШ-та өткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары