17.08.2020, 09:20

Өзбек үкіметі студенттердің талабын тыңдап, оқу бағасын арзандатты

фото: pixabay.com
Үкімет мәліметінше, студенттерге берілетін қаржылай көмектің мөлшері 4 миллион сум (400 доллар) шамасында.

Өзбекстанның жоғары және орта білім беру министрлігі мен қаржы министрлігі студенттер наразылығынан кейін күндізгі бөлімде оқитындардың оқу ақысын 10 процентке түсіру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Сentralasian.org.

Бұдан бөлек әке-шешесі жоқ, мүмкіндігі шектеулі жастарға және тұрмысы төмен отбасынан шыққан студенттерге қаржылай көмек көрсетілетін болады.

Үкімет мәліметінше, студенттерге берілетін қаржылай көмектің мөлшері 4 миллион сум (400 доллар) шамасында.

Коронавирус пандемиясы тұсында өзбек студенттері Telegram платформа арқылы бірігіп, үкіметтен оқу ақысын түсіруді талап еткен.

Атап айтқанда "Ёшларни қўллаб- қувватлаш" Telegram-каналында 120 мыңға жуық студент сауалнамаға қатысып, олардың 91 пайызы жаңа оқу жылында жоғары оқу орындары оқу ақысын түсірсін деген талап қойған.

Өткен аптада 25 жастағы Исламбек Пулатов Азаттықтың өзбек қызметі арқылы Өзбекстан үкіметіне видео үндеу жасаған. Ол елдің жоғары және орта білім беру министрі Иномжон Мажидовтың отставкаға кетуін талап еткен.

Өзбекстанда жоғары оқу орнында сабақ 2 қыркүйектен басталады. Студенттер әзірге онлайн режимде оқиды. Ал бірінші курс студенттері үшін сабақ 1 қазанда басталады.