22.10.2020, 16:40

«Отыз күн уақыт береміз»: Қырғыз билігі заңсыз жолмен ақша тапқан шенеуніктерге қарсы науқан бастады

Бұрынғы шенеуніктер 30 күн ішінде коррупциялық схемасын ашық көрсетіп, ақшаны мемлекетке қайтаруы тиіс.

Қырғызстан президенті міндетін атқарушы  Садыр Жапаров коррупция есебінен заңсыз байыған бұрынғы шенеуніктерге "экономикалық амнистия" жариялады, деп хабарлайды Аdyrna.kz порталы. 

Мұндай қадамға барудағы мақсаты - мемлекеттік бюджетті толтыру, қосымша мүмкіндіктер қарастыру, шетел офшорларына заңсыз жолмен шыққан капиталды қайтару,  көлеңкелі бизнесті толығымен заңдастыру, кәсіпкерлерге теңдей жағдай жасау, макроэкономикалық жетістікке жату, мемлекеттік қарыздарын қайтару.

Садыр Жапаровт рақымшылықты энергетика, кеден, салық, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және лицензия беру саласында заңсыз жолмен ақша тапқан бұрынғы шенеуніктерге арнағанын ашық айтты.

Рақымшылыққа іліну үшін бұрынғы шенеуніктер 30 күн ішінде коррупциялық схемасын ашық көрсетіп, ақшаны мемлекетке қайтаруы тиіс. Барлық түсім бюджетке түседі.

Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін шетелдерге кеткен капиталды елге қайтару жұмыстарымен бірнеше рет айналысып, олардың ақшаларын заңдастырды. 2017 жылы 18 отандық  компанияның шетелде 12,5 доллар ұстап отырғаны мәлім болған еді.