Грекияда қауіпті вирустың жайылуына байланысты жергілікті билік аймақта жалпы ұлттық локдаун жарияламақ, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл туралы осы елдің премьер-министрі хабарлады. Жаңа шектеу шаралары қарашаның 7-сі күшіне еніп, осы айдың соңына дейін жалғаспақ. Енді тұрғындар аса қажеттілік болмаса үйден шыға алмайды. Ал себеп болған жағдайда арнайы нөмірге хабарландыру жіберу керек. Сонымен қатар ауданаралық қатынасқа тыйым салынып, аймақтағы өндіріс орындарының жұмысы тоқтайды.
Бұл шектеулердің азық-түлік дүкендері, дәріхана, медициналық орталықтар, мектептер мен балабақшаларға қатысы жоқ. Десе де гимназия мен лицейлерде оқитындар қашықтан оқу форматына көшетін болады.
"Тиісті шараларды алдын ала қабылдағанымыз жөн. Көптеген Еуропа елдері эпидемиологиялық ахуал бақылаудан шыққаннан кейін карантинге жабыла бастады. Сондықтан халыққа қауіп төндірмей уақытында локдаун жариялауымыз керек", - деді Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакис.