Бүгін Моңғолияның премьер-министрі Ухнаагийн Хурэлсух өзінің отставкаға кететіні туралы ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды МОНЦАМЭ агенттігі. Оған себеп: екі күн бұрын жаңа босанған әйелді орталық перзентханадан Ұлттық ішек ауруларын зерттеу орталығына ауыстыру кезінде оның сырт киімін кигізбестен алып бара жатқан фотосы әлеуметтік желіге тарап кеткен, деп жазады Түркістан басылымы.
Осыдан кейін Ұланбатыр тұрғандары орталық алаңға шеруге шыққан. Тіптен кейбір шерушілер қақаған аязға да қармастан жалаңаштана бастаған. Осыған орай, арнайы өткен баспасөз жиынында жоғардағы жағдайды еске түсіріп, жауапты тұлғалардың жіберген қателігі мен рақымсыздығы үшін Моңғолия Үкімет басшысы өкінішін білдірді.
«Мемлекеттік қызметкерлердің атынан олардың жауапсыздығы үшін және өзімнің атымнан болған оқиғаға байланысты өкінішімді білдіремін», – деп мәлімдеді У.Хурэлсух. Бұдан кейін ол Covid-19 пандемиясы жағдайында 1.6 млн тұрғыны бар Ұланбатырда қатаң карантин тәртібі және кейбір аймақтарда қозғалысты толық шектеу бойынша шаралар қолданылғанын айтты.
Премьер-министр бұл жерде қателіктер жіберілгенін атап өтті. «Менің кабинетімнің екі мүшесі аталған қателіктерге жол бергеніне қатысты отставкаға кетуді сұрады. Бұл кабинет алғаш рет құрылғанда, біз командамен жұмыс істеуді жоспарлаған едік. Өкінішке қарай, олай болмады. Халық осыған байланысты алаңдаушылық білдірді. Жас азаматтардың Үкіметке наразылығын білдіру үшін көшеге шыққаны дұрыс. Премьер-министр ретінде осындай шешім қабылдап отырмын, жауапкершілік бәрімізге ортақ болуы тиіс», – деді Моңғолия Үкімет басшысы У.Хурэлсух.