Әлем 27.02.2021 сағат 11:11

Үндістан билігі қайыршыларға қарсы соғыс жариялады

Полиция қылмыстық топты түп-тамырымен жоймайынша тоқтамайтын түрі бар.
Үндістан билігі қайыршыларға қарсы соғыс жариялады
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Үндістанда көше кезген мүсәпірлерге қарсы нағыз эпидемиологиялық соғыс жарияланды. Полиция басшысының бұйрығы бойынша, барлық кезбелер арнайы дайындалған орталыққа жеткізілуі тиіс. Осылайша билік бірден 2 мәселені шешпек, деп хабарлайды 24.kz.

Біріншіден, кедей-кепшіктің арасында коронавирустың таралуын бақылауға алу және кәмелетке толмаған балаларды қайыршылыққа тарту ісіне тосқауыл қою. Үндістанда әлі күнге дейін жеткіншіктерді көшедегі түрлі жұмыстар үшін сатуға маманданған топтар бар. Үндістандағы қайыршылықты ата кәсіп айтуға әбден болады. 

Жаппай тіленшілік 20-ғасырда басталған. 1959 жылы үкімет қайыршылықпен күрес туралы заң да қабылдаған, бірақ одан қайыр болмады. 

Дүниежүзілік банктің соңғы мәліметі бойынша күніне тек 2 доллар табатын адамдарға міскіндер мәртебесі беріледі. 

Үндістанда бұл санатқа 1 жарым миллиард халықтың 25 проценті жатады.

Алақан жайып, ақша сұрауды әдет қылған Рахулдың жасы 73-те. Ол қайыршылықты 4 жасында бастаған. Содан бері Рахул оңалту орталығына жүз рет түсіп, қайта қашып кеткен. Қашпағанда сауатын ашып, жұмыс істеп жүретін еді.

"Қолымнан түк келмейді. Сауат ашуға тым кеш. Полиция бізді көрсе, жын көргендей болады. Бірақ біз жамандық жасап жүргеніміз жоқ қой. Бұл өмір біздің өз таңдауымыз. Қалағаны тиын-тебенін тастайды, қаламағаны өтіп кетеді. Бізді қылмыскер деу дұрыс емес, заң бұзып жатқан жоқпыз, жерде отырып, ауа жұтқанымыз қылмыс па?",— дейді жергілікті тұрғын Рахул Биндра. 

Бірақ полицияның ұстанымы басқаша. Олар жылда мыңға жуық қайыршы баланы ұстайды. Осылайша бұған дейін 500 мыңдай жеткіншек арнайы орталыққа әкелінген. Соңғы бірнеше күнде балаларды қасақана қайыршы қылатын 4 мыңнан астам қылмыскер қамауға алынды. Полиция қылмыстық топты түп-тамырымен жоймайынша тоқтамайтын түрі бар. 

"Өзім бұрын қайыршы болғанмын. 18 жыл алақан жайдым. Бірақ тіленшілікпен тұрмысымды түзей алмадым. Бұл іске тартылған балалар осы батпақта өмірбақи жүреді. Осындай балалардың тең жартысы 10 жасында айықпайтын тері ауруларына шалдығады. Ал 15 жасында асқазаны, жүрегі, омыртқасы ауыра бастайды. Үндістанның болашағына балта шабылуда. Ал баланы сататындар бұған кәдімгі бизнес деп қарайды. Жеткіншектер күніне 200-300 доллар кіріс кіргізеді", — дейді қоғам белсендісі Гаган Дравид.

Ұсталған балаларға орын жете ме, орталықта қашанға дейін болады және бұл науқан аяқталған соң олардың тағдыры не болмақ? Қоғамда осында сұрақ көп. 

Мумбай басшысы балаларды өмірге бейімдеп, тегіс жұмысқа тұрғызамыз дейді. Бірақ негізгі мақсат барлық қаңғыбасқа вакцина салу. Бүгінде екпе алған қайыршылар саны 150 мыңнан асқан. 

 

 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар