Арменияда премьер-министр Никол Пашинянның отставкасын талап еткен наразы топ 1 наурызда Ереванда үкімет ғимаратына басып кірді, деп хабарлайды Азаттық.
Былтыр күзде алты аптаға созылған Қарабақ соғысынан кейін елде Пашинянды кінәлаған наразылықтар жиілеп, оппозиция содан бері премьер-министрдің отставкаға кетуін талап етіп келеді.
Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы келісімге 9 қарашада қол қойылды. Мәскеу араағайындық еткен келісім бойынша, Армения өзін республика жариялаған Таулы Қарабақтың біраз бөлігін және Әзербайжанға жапсарлас жатқан бірқатар ауданды көршісіне қайтарған.
Парламенттегі орындардың басым бөлігін иемденіп отырған "Менің қадамым" альянсының жетекшісі, премьер-министр Никол Пашинян мерзімінен ерте сайлау өткізу туралы оппозиция талабын кері қайтарып, мәселені талқылауға шақырған. Өткен аптада әскери басшылар премьер-министр мен үкімет отставкасын талап еткеннен кейін Пашинян елде қарсыластарының "әскери төңкеріс жасамақ болғанын" мәлімдеген.