Вакциналау қалай өтіп жатқанына талдау жүргізген олар екпелердің басым бөлігі ірі шаһарларға, әсіресе дәулетті тап тұратын орталық аудандарында үлестірілетінін анықтады. Ал ауылды елді мекендерге препараттар жетпей жүр екен. Ал індет негізінен кедей аудандарда өршіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үндістан үкіметі ақпан айының соңында елде коронавирус індетінің екінші толқыны басталғанын мойындады. Ал наурыз айынан бастап егде жастағы тұрғындарға және созылмалы ауруларға шалдыққан жасы 45-тен асқан кісілерге вакцина еге бастады.
Денсаулық сақтау саласының өкілдері вакциналауды жоспардан асыра орындап жатқанын баяндады. Алайда жергілікті құқық қорғаушылар екпенің ірі шаһарларға ғана жеткізіліп жүргенін анықтады.
«Зерттеу өткізген жеті күнде вакцина халық тығыз қоныстанған 30-дан аса кедей елді мекенге жеткізілгенін байқадық. Алайда бұл дәріні осындай 3 мыңдай ауыл күтіп отыр. Ал ірі шаһарларға болса, екпе үздіксіз жеткізіліп отыр, тіпті кейбір аудан тұрғындары екінші екпе салып үлгерді. Үкімет осы сынға нақты жауап бермей, техникалық қиындықтарға сілтеп отыр», - деді құқық қорғаушылар бірлестігінің жетекшісі Суни Мандар.
Кедей-кепшікке вакцина жетіспей жатқанын саясаткерлер де мойындады. Бұған көлік құралдарының тапшылығы себеп. Сондай-ақ дәрігерлердің көбі қашық аудандарға барғысы келмейді екен. Ал құқық қорғаушылар мәселе алыпсатарлықта дейді. Осыдан бірнеше апта бұрын Нью-Дели мен Бангалор қалаларында препараттарды бірнеше есе қымбат бағамен сатқаны тіркелді. Ал кедей аудандарда алыпсатарлар вакциналарды ешкімге сата алмайды.
«Вакцинаға қатысты құйтырқы індеттің бірінші толқынынан жалғасып келеді. Жыл басында екпе тек дәрігерлер мен полицейлерге салынатын. Оның өзінде қарапайым тұрғындарға препаратты сатқан кісілер болған. Қазір де осындай оқиғалар болып жатыр, бірақ кедей аудандарға вакцинаны жеткізудегі іркілістер бұған байланысты деп ойламаймын. Кейде тұрғындардың өздері де екпе салғысы келмейді», - деді Нью-Дели қаласы аудандық денсаулық сақтау бөлімінің аға заңгері Лаллианзуала Джинган.
Орта есеппен күн сайын Үндістанда 200 мыңдай адамға екпе салынады. Оның 150-мыңы – ірі қалалардың тұрғыны. Ал кедей аудандарда індет өршіп тұр. Кейбір аудан тұрғындары тіпті коронавирус туралы естімеген, тіпті одан қалай сақтану керектігін де білмейді.