Бангладештің Кокс-Базар қаласында босқындар лагерінде болған ірі өрт салдарынан қоныс аударып келген 45 мың рохинджалық баспанасыз қалды. Тілсіз жау лагерь аумағындағы ең ірі клиниканы жойды.Бұл туралы ҚазАқпарат БҰҰ Жаңалықтары орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаза тапқандардың нақты саны әзірге белгісіз. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт 15 адамның өмірін қиды, 400 адамның жағдайы туралы әлі белгісіз. Лагерьдің 560 тұрғыны жарақат алды.
Кокс-Базарға зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бірнеше жедел жәржем көлігі және мобильді клиникалар жіберілді. Босқындармен сондай-ақ психологтар жұмыс істеуде. Гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлері баспанасыз қалғандарға көмек көрсетуде.
Осы уақытқа дейін лагерьге 3 мың жылы көрпе, күн батареясымен жұмыс істейтін 14,5 мың лампа, 11,5 мың москитті тор, сондай-ақ 1 мың литр ауызсу жеткізілді. Жалынның шығу себебі әлі белгісіз, тергеу жалғасуда.
Кокс-Базар қаласындағы лагерь - босқындардың әлемдегі ең үлкен қонысы. Онда рохинджа мұсылмандарының 870 мың өкілі пана тапты. Олардың дені – 720 мыңға жуық адам көрші Мьянме еліндегі зорлық-зомбылықтан қашып, лагерьге 2017 жылы келді.