26.03.2021, 17:40

Қытай Шыңжаң саясатын сынағандарға сес көрсете бастады

фото: pixabay.com
Ол «Қытай нарығында ақша тауып жүрген батыс компанияларына мемлекеттің саясатын сынауына жол бермейміз» дегендей емеурін танытқан.

Қытай Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын атап айтқанда, түркітілді мұсылмандарды қудалауын сынаған батыс компанияларына шүйліге бастады, деп хабарлайды Азаттық.

Қытайдың технологиялық компаниялары мен мемлекеттік ақпарат құралдары қатаң бақыланатын әлеуметтік желілердің көмегімен әлемге танымал брендтерге «тиісіп жатыр». Қытайдың танымал тұлғалары Nike-тің спорт жабдықтарынан бас тартып, әлемге киім сатумен танымал болған H&M өнімдерін сатып алмайтынын кезек-кезек мәлімдеп жатыр. Қытай киім шығаратын британдық Burberry компаниясының өнімдеріне де бойкот жариялаған.

«Қытайлықтар кейбір шетелдіктерге «су ішкен құдығына түкіруіне» жол бермейді» деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин Пекинде өткен жиында журналистерге. Ол «Қытай нарығында ақша тауып жүрген батыс компанияларына мемлекеттің саясатын сынауына жол бермейміз» дегендей емеурін танытқан.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі белсенділері мен сарапшылары Шыңжаңдағы «қайта тәрбиелеу лагерьлерінде» кемінде бір миллион ұйғыр мен өзге де түркітілді мұсылман қамалғанын мәлімдеген. Құқық қорғаушылар Қытай билігін «әйелдерді күшпен стерилизациялады және адам еңбегін қанады» деп айыптайды.

Желтоқсан айында Би-би-си сайты Қытайдың жүздеген мың аз ұлт өкілін Шыңжаңдағы мақта алқаптарында жұмыс істеуге мәжбүрлегені туралы ірі зерттеу жариялаған.

Шыңжаң – мақта өндіру бойынша әлемде жетекші орын алатын аймақтардың бірі. Ол көптеген батыс компанияларын шикізатпен қамтамасыз етеді.

Осыған дейін бірқатар батыс компаниялары (арасында Nike пен H&M де бар) адам құқығының бұзылуына байланысты Шыңжаңнан мақта сатып алудан бас тартқан.