$ 494.87  520.65  4.91

Навальный емделген дәрігерлердің тағы біреуі қайтыс болды

Кейінгі кезде аталған аурухана басшылығындағы адамдар қатары сирей бастаған.
Фото: golosameriki.com
Фото: golosameriki.com

Омбы ауруханасының травматология және ортопедия бөлімінің жетекшісі Рустам Агишев 63 жасында қайтыс болды, ресми органдар оның инсульттан қайтқанын хабарлады. Бұл туралы "Тайга.инфо" сайты жазды.

Дәл осы ауруханаға былтыр тамыз айында Алексей Навальный ессіз күйде жеткізілген. Оппозиционердің жақтастары аурухана әкімшілігі мен клиника қызметкерлері Навальныйға не болғанын білді деп санайды. Бірақ "жоғарыдан келген бұйрыққа бағынып, жалған диагноз қойды және оның "Новичок" тобына жататын қауіпті затпен уланғанын жасыруға тырысты" деп есептейді.

Ақпаратқа қарағанда, Агишев №1 Омбы ауруханасында 30 жыл қызмет істеген. Клиника жетешісі Евгений Осипов оның қазасын "медицина қауымдастығы үшін орны толмас қаза" деп атады.

Кейінгі кезде аталған аурухана басшылығындағы адамдар қатары сирей бастаған. Ақпан айының басында клиниканың бас дәрігерінің орынбасары 55 жастағы Сергей Максимишин "жүрек ауруынан" қайтыс болған.

Оның алдында бас дәрігердің тағы бір орынбасары Анатолий Калиниченко қызметінен кеткен. Жекеменшік клиникаға кеткен дәрігер "әкімшілік шаруалардан гөрі хирургияны көбірек ұнататынын" айтқан.

Калиниченко Навальныйды емдеу, Германия дәрігерлерімен қарым-қатынас орнату, БАҚ-пен байланысқа жауап берген. Кейінірек журналистерге ақпарат беру міндеті мекеменің бас дәрігері, "Единая Россия" мүшесі Александр Мураховскийге жүктелді. Ол ақпарат құралдарына Навальныйдың "зат алмасуы бұзылған" деп мәлімдеген. Бұған қоса, Мураховский екі күн бойы саясаткерді Берлинге жіберуге қарсы болған. Кейінірек Мураховский аймақтық денсаулық сақтау министрлігінің жетекшісі болып тағайындалды.

Алексей Навальный былтыр 20 тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқанда кенеттен жағдайы нашарлап, комаға түскен. Ол бірден Омбыдағы №1 жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген. Екі күннен соң Германияға эвакуацияланған. Саясаткер сол жақта есін жиып, 5 ай емделді. Еуропадағы зертханалар саясаткердің ағзасынан совет кезінен бері бар адамның жүйке жүйесін сал қылатын "Новичок" тобына жататын қауіпті заттың қалдықтарын тапты. Ал ресейлік дәрігерлер саясаткердің ағзасынан у қалдықтары табылмады деп мәлімдеді.

Арнайы зерттеу жүргізген Вellingcat тобы оппозиционерді улауға Ресей ФСБ қызметкерлері қатысты деп тұжырым жасады. Алексей Навальныйдың өзі қастандықтың артында Ресей президенті Владимир Путин тұр деп есептейді. Кремль барлық айыптарды жоққа шығарады.

azattyq

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары