Беларусь Бас прокуратурасы оппозиция жетекшісі Светлана Тихановскаяны, сондай-ақ оппозиция жағына өткен Құқық қорғау органдарының офицерлерін «терракт жасамақ болды» деп айыптап отыр, деп жазады qazaqtimes.com.
Бас прокуратура Тихановская мен BYPOL қатысушыларына қарсы терроризм актісін дайындау туралы бап бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұған дейін Тихановская халықты жалпыұлттық дауыс беруге шақырған.
Билікпен келіссөз жүргізу туралы мәлімдемесінде ол: «Елде дағдарыс болып жатқанын бәріміз білеміз. Оны тек бейбіт жолмен – халықаралық ұйымдардың араласуымен ғана шеше аламыз. 25 наурыз алдында Үйлестіру кеңесі, BYPOL, ынтымақтастық қоры және демократиялық өзге де күштер бірігіп, «Голос» палтформасында дауыс беруді бастаймыз. Сіз бен біздің міндетіміз – әрбір белорус дауыс беретіндей ету. Сонда ғана «Ерік-жігер күніне» қарай алғашқы нәтижесін көреміз», – деген. Тихановская сөзінше, Лукашенко сайлауда жеңіліп қалса да, билікті ұстап отырған адам және ол миллиондаған белорустың бетіне түкіріп, елді күшпен басқармақ, қарсылық алдында күш қолданбақ. Светлана Тихановская 2020 жылы тамызда президент сайлауына қатысқан. Тәуелсіз бақылаушылар мен оппозициялық топтар оның жеңіске жеткенін айтқан.
Бірақ Орталық сайлау комиссиясы жеңіс елді 26 жылдан бері билеп келе жатқан Александр Лукашенко жағында екенін мәлімдеген. Бұдан соң Беларусьте халық наразылығы басталды. Жүз мыңдаған тұрғын қыс түскенше Минск көшелерінде бейбіт шеру ұйымдастырды. Полиция демонстранттарды күшпен басып-жаншыды. Қыста көшедегі қарсылық саябырлап қалғанымен толық тоқтаған жоқ. Ал «Еуропаның соңғы диктаторы» атанған Александр Лукашенко елде билік транзиті болмайтынын кесіп айтты. Батыс елдері оны легитимді президент ретінде мойындамайды.