12.04.2021, 17:20

Қырғыз референдумы: Билік толығымен президент Жапаровтың қолына өтетін болды

Фото: kommersant.ru
Жаңа конституция парламенттегі депутат санын 120-дан 90-ға дейін азайтып, президентке судьялар мен құқық қорғау құрылымдарының басшысын тағайындауға мүмкіндік береді.

Қырғызстанда сайлаушылар 11 сәуірде өткен референдумда президент билігін күшейтетін конституция жобасын қолдап шықты. Бұл туралы дауыс берудің алғашқы нәтижесінен білуге болады, деп жазады Азаттық. 

Орталық сайлау комиссиясы дауыстың 90 пайызы есептелгенін, жаңа конституцияны 79 пайызы қолдағанын айтты.

ОСК дауыс беруге сайлаушылардың 35 пайызы қатысқанын мәлімдеді. Яғни референдум өткен саналады. Өйткені ол үшін сайлаушылардың кемі 30 пайызы дауыс беруі керек болатын.

Жаңа конституция парламенттегі депутат санын 120-дан 90-ға дейін азайтып, президентке судьялар мен құқық қорғау құрылымдарының басшысын тағайындауға мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ "Халық құрылтайы" дейтін президент бақылауындағы жаңа құрылымның пайда болуына әкеледі. Заңгерлер құрылтай парламентке балама болып, президентке парламент билігін шектеуге жол береді дейді.

Конституция жобасын билік басына үш ай бұрын келген Садыр Жапаров ұсынған. Былтыр қазанның басында Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, соңы саяси дағдарысқа ұласты. Орталық сайлау комиссиясы билікке жақын деген партияларды жеңімпаз деп жариялаған соң, сайлау әділетсіз өтті деген наразы халық көшеге шығып президент әкімшілігі мен парламент депутаттары отыратын үкімет үйін басып алып, қамауда отырған бірқатар саясаткерді күшпен босатып жіберген. Олардың арасында елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пен Садыр Жапаров та болды.

Садыр Жапаровтың президенттікке бас үміткер екені белгілі болғанда, Алмазбек Атамбаев секілді толқу кезінде босатылған саясаткерлер қайта қамалды.

2013 жылы Құмтөр кенішін мемлекеттендіру талабымен өткен митингіде адам ұрлады деп айыпталған Жапаров 2017 жылы кінәлі деп танылып, бостандығынан айырылған. Жақтастары босатып алған соң Жапаров санаулы күн ішінде елдің премьер-министрі атанды. Көп ұзамай президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетіп, Жапаров президент міндетін қоса атқаратын болды.

Жапаров конституцияны өзгертуді қараша айында ұсынған. Екі айдан кейін қаңтар айында өткен президент сайлауында ол оп-оңай жеңіске жетті. Сол күні сайлаушылар президенттік басқару формасына өтуді қолдап дауыс берді.

Бішкектегі сайлау учаскесінде дауыс берген Жапаров жаңа конституцияны толықтай қырғыз мамандары әзірлегенін, осыған дейінгі конституцияның "шетелден көшірілгенін" айтты.

"Кейінгі 30 жылда конституциямызға бірталай түзету енгізілді. Олардың бәрі өзге мемлекеттердегі құжаттардан көшірілген. Біз сонымен өмір сүрдік" деді Жапаров.

Кей сайлау учаскелерде құқықбұзушылық тіркелді. Ош қаласында үш адам журналист пен бақылаушыға шабуыл жасады. Полиция істі тергей бастағанын мәлімдеді. Дәл сол Ошта полиция екі жергілікті саясаткердің дауыс сатып алмақ болғаны камераға түсіп қалғанын, тергеу басталғанын айтты.

Жергілікті құқық қорғаушылар жаңа конституция президент билігін әсіре күшейтіп, авторитарлық жүйенің орнауына әкеледі деп Жапаровты сынға алды.

Наурызда Азаттыққа берген сұхбатында Жапаров жаңа конституция елде "тәртіп орнату үшін" керек деген. Алты жарым миллион халқы бар Қырғызстанда 2005 жылдан бері үш рет революция болған. Ол президент билікті тұтастай қолына шоғырландырады деген пікірді мойындамай, Қырғызстан "демократиялық ел болып қала береді" деді.

11 сәуірде қырғызстандықтар жергілікті кеңеш (мәслихат) депутаттарын да сайлады.