11.05.2021, 06:52

Үндістандағы өзеннен COVID-19 құрбандарының ондаған мүрдесі табылды

Жергілікті тұрғындар жағалауда орналасқан елді мекендердегілер кремация мен жерлеу отының қымбаттылығына байланысты мүрделерді өзенге тастайтынын айтты.

Үндістанның Буксар қаласындағы Ганга өзенінен кемінде отыз адамның денесі табылды. Округ әкімшілігі мәйіттер көрші мемлекеттен жүзіп кетуі мүмкін деп мәлімдеді, деп хабарлайды  РИА Новости.

Алайда, жергілікті тұрғындар Times Of India тілшілеріне жағалауда орналасқан елді мекендердегілер кремация мен жерлеу отының қымбаттығына байланысты мүрделерді өзенге тастайтынын айтты.

Өзенде коронавирус жұқтырған адамдардың мәйіттері табылғаны хабарланған. Куәгерлер жүзден астам болуы мүмкін деп мәлімдеді. Оқиғаға байланысты адамдар дүрбелеңге түсіп, инфекцияның пайда болуынан қорқады.

Билік суды мәйіттерден тазартуды бастады. Танылмаған  мүрделердің кремациясы дәстүрге сәйкес жүргізіледі, ал шығынын штат үкіметі көтермек.

Естеріңізге сала кетейік, Үндістан коронавирустың анықталған жағдайлары бойынша әлемде екінші орында. Елдегі COVID-19 жағдайларының жалпы саны 22,2 миллионнан асты.