АҚШ-та көпшілікті таң қалдыратын жағдай орын алды. Күйеуінің бұрынғы әйеліне бір бүйрегін берген Дебби Нил-Стрикленд жайлы бүгінде әлемдік БАҚ жарыса жазуда деп хабарлайды Комсомольская правда.
Америкалық Джим мен Майлен осыдан 20 жыл бұрын ажырасып кеткен. Алайда араларындағы екі бала үшін, бұрынғы ерлі-зайыптылар ара-қатынастарын үзбей, араласып тұрған. Бір қызығы отағасы Джим арада біршама уақыт өткен соң, Дебби Нил-Стриклендді кездестіріп, онымен екінші рет отау құрған.
Ерлі-зайыптылар тіпті отбасылық отырыстарда бұрынғы әйелі Майленді де көріп тұрған. Өкініштісі 59 жастағы Майленнің жылдар бойы бүйрегі ауырып келген. Ал биылғы жылдың басында оның қос бүйрегінің бар-жоғы 8 пайызы ғана жұмыс істеп тұрған. Дәрігерлер Майленге бүйрек трансплантациясы керек дегенімен, оған сәйкес келетін донор табылмаған.
Майленнің соңғы үміті оның туған ағасы болған. Алайда оның да соңғы сараптамалары бүйректі ауыстыруға келмейтінін көрсеткен. Дебби мұны біле сала, өзінің жолдасының бұрынғы әйеліне донор болуға келіседі. Оның айтуынша, ол бұған дейін де муковисцидоз дертіне шалдыққан ағасына бүйрек доноры болуға ниеттеніпті. Алайда ағасы кенеттен қайтыс болып, Дебби оны құтқара алмаған көрінеді.
Осылайша бүйректі ауыстыру отасы бірнеше ай бойы жүргізілген тексерістен кейін яғни Джим мен Деббидің үйлену тойынан кейінгі үшінші күнге қойылған. Бастапқыда тойды кейінгі қалдырғысы келген отбасылық жұп, кейін бұл ойларынан айнып, некелерін қиғызған. Майлен бүгінде дін аман. Оған бүйрек трансплантациясы отасы сәтті жасалып, дертінен құлан-таза айыққан.