19.06.2021, 00:33

Шығыс Қазақстанда ата-ана қарауынсыз жүрген 100-ге тарта бала анықталды

Фото: baq.kz
Айта кетейік, «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу шарасы 20 маусымға дейін жалғасады.

Шығыс Қазақстан облысында ата-анасының қарауынсыз түнгі уақытта далада жүрген 99 бала анықталды деп жазды BAQ.KZ.

Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады. 

Өңір аумағында 17 маусымнан бастап «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу шарасы жүргізіліп жатыр. Мұндағы мақсат – балалардың құқықтарын бұзу фактілерін анықтау, кәмелет жасына толмағандарды еңбекке тарту, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу. 

Шараның бірінші күнінде полиция қызметкерлері мен белсенді жастар 119 рейдке шығып, 1 132 объектіні тексерді. Түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз сыртта жүрген 99 бала анықталды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімін сатқан (ӘҚБтК-нің 200-бабы) – 3, темекі саудалаған (ӘҚБтК-нің 133-бабы) – 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, - деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі. 

Мәселен, Өскемен қаласындағы шағын маркеттердің бірінде сағат 23.00-ден кейін жалғыз жүрген 16 жастағы жасөспірім анықталды. Аталған факті бойынша оның анасына ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-тармағына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. 

Айта кетейік, «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу шарасы 20 маусымға дейін жалғасады.

 

Тегтер: ШҚО ата ана