23.06.2021, 06:34

Вакцина алмаған медицина қызметкерлері жұмыстан шеттетіле бастады

Вакцина алмаған қызметкерлер 31 желтоқсанға дейін ақысыз демалысқа жіберіледі.

Италияда коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған медицина қызметкерлерін жұмыстан шеттете бастады. Бұл туралы Sky TG24 телеарнасы хабарлады.

Вакцинадан бас тартқан медицина қызметкеріне бос орын бар болған жағдайда әріптестерімен және пациенттермен жақын байланыста болмайтын жұмыс ұсынылады. Егер басқа жұмыс табылмаса, бұндай қызметкерлер 31 желтоқсанға дейін ақысыз демалысқа жіберіледі. 

Тиісті ережелер Италия министрлер кеңесі 1 сәуірде қабылдаған коронавируспен күреске бағытталған декретте белгіленген. Құжатқа сәйкес барлық медицина қызметкері міндетті түрде коронавирусқа қарсы вакцинациялануы қажет. Бұл міндеттеме мемлекеттік, жекеменшік медициналық және әлеуметтік құрылымдарда, сонымен қатар дәріханаларда жұмыс істейтін денсаулық сақтау жүйесі мамандарына қатысты.

Италияның кәсіби қауымдастығы мен ауруханалар барлық дәрігер, медбике және басқа да қызметкерлердің аты-жөндерін тиісті органға ұсынған. 

Денсаулық сақтау органдары сәуір айында медицина қызметкерлерінің әрқайсысына вакцинация туралы құжатты ұсыну туралы немесе вакцинациядан бас тарту себебі көрсетілген анықтаманы ұсыну туралы хабарлама жіберген.

Телеарнаның мәліметі бойынша хабарлама алғандардың басым бөлігі екпе алуға келмеген көрінеді.

BAQ.KZ.