Қытайды адам құқығын бұзып, сыртқы видеобақылау жүйесін қолдану арқылы жеке адамдарды қудалады деп айыптаған АҚШ билігі оннан астам қытайлық компанияны «қара тізімге» енгізбекші деп хабарлайды Reuters агенттігі. Мәселе Шыңжаңдағы түркітілдес мұсылман халықтарына қатысты.
Сауда министрлігі әзірлеген «қара тізім» Қытайдағы адам құқықтарының бұзылуына қатысты әзірленген.
Дегенмен, Қытай билігі бұл айыптауларды түбегейлі жоққа шығарып, Шыңжаңда геноцид пен мәжбүрлеудің жоқ екенін айтқан. Ресми Бейжің Шыңжаңдағы шараларды «сепаратистер мен діни экстремистер жоспарының жүзеге асуына жол бермеу» және «мұсылмандар мен жергілікті қытайлар арасындағы шиеленісті болдырмау үшін» үшін қолданылып жатқанын айтты.
«Қытай тарапы өз компанияларының мүддесі мен заңды құқығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қолға алады және АҚШ билігінің Қытайдың ішкі саясатына араласуына жол бермейді», - деді Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ван Вэньбинь жұма күні.
Ал, Шыңжаңдағы қудалаулар жағдайына қатысты АҚШ-тың Сауда министрлігі экономикалық қара тізімге Қытайдың 14 компаниясын қосатынын мәлімдеді. Сарапшылардың айтуынша, АҚШ президенті Джо Байден Шыңжаңдағы түркітілдес мұсылмандарға қарсы саясаты үшін Қытайға қысымын күшейте бермек.
Еске салайық, Қытай әрекетіне қатысты бұндай шара АҚШ үкіметі тарапынан бірінші рет қолданылып отырған жоқ. 2019 жылы Дональд Трамп әкімшілігі Қытайдың жасанды интеллект бағытындағы жетекші стартаптарды өзінің экономикалық қара тізіміне енгізген.
Сонымен қатар, Дональд Трамп АҚШ президенті болған шағында Сауда министрлігі қытайлық бірқатар заңды тұлғаны санкциялық тізімге қосқан. Олардың қатарында Қытайдың 20 қоғамдық қауіпсіздік бюросы, видеобақылау жүргізетін Hikvision фирмасы, SenseTime Group Ltd және Megvii Technology Ltd атты адамның бет-әлпетін оқи алатын технологияны қолданатын жалпы саны сегіз жетекші компания бар.
2019 жылы Сауда министрлігі аталмыш компанияларды «ұйғырларды, қазақтарды және басқа да мұсылман халықтарды жоғары технологиялық бақылау жүйесі арқылы аңдыды деп айыптаған еді.
Біріккен ұлттар ұйымының сарапшылары мен адам құқығы мәселелерімен айналысатын мамандардың есебіне сенсек, соңғы жылдары Шыңжаңдағы лагерлерде тұтқындалған түркітілдес мұсылмандардың саны миллионнан асып жығылады.