Сауд Арабиясында қажылық рәсімі коронавирусқа қарсы қатаң шектеулерді сақтай отырып басталды деп, хабарлайды ЭК. "ТАСС" сайтының мәліметінше, қажылықтың негізгі рәсімдері биыл 17-22 шілде аралығында жасалады.
Биыл екінші жыл қатарынан қажылыққа өзге елдердің тұрғындары қатыса алмайды. Сауд Арабиясының қажылық және умра істері министрлігінің қаулысына сәйкес, діни шараға індетке қарсы екпе алған 18-65 жас аралығындағы азаматтар қатысады. Олар елде мақұлданған препараттың екі компонентін алуы керек.
Биыл қажылыққа қатысатындардың саны өткен жылмен салыстырғанда көп. Жергілікті билік бес күндік қажылық кезінде сақтық шараларын күшейту арқылы аурудың таралуын болдырмайтынын мәлімдеді.
Биыл қажылар үшін арнайы смарт-карталар енгізілді. Бұл олардың орналасқан жеріне жетуіне, автобусқа мініп, азық-түлікке тапсырыс беруіне және діни ғимараттарға баруына көмек береді.
Әл-Харам мешітінің алдына орнатылған роботтар зәмзәм суын таратады.
Сондай-ақ қажылық рәсімі кезінде Қағбаға қол тигізуге тыйым салынады. Қағбаның айналасына арнайы тосқауылдар қойылды.
Бұл жерге келушілер өз көлігімен жүре алмайды. Жергілікті билік қасиетті орындарды аралау үшін 2,5 мың автобус бөлді. Пандемияға дейін кейбір жерлерді қажылар жаяу жүретін болса, қазір тек арнайы транспорт арқылы аралайды.
Сауд Арабиясында өткен жылдан бастап халықты жаппай иммундау басталды. Қазіргі күні 34,2 милион халқы бар Әмірліктің 21,6 миллион тұрғыны екпе алған. Бұл елде індетке қарсы төрт препарат мақұлданған. Олар — Pfizer-BioNTech, AstraZeneca, Moderna және Johnson & Johnson.