$ 447.4  477.55  4.76

Гаитиде жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1419-ға жетті

30 мыңнан аса отбасы баспанасыз қалған.

Гаитиде жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 1419-ға жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters-ке сілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, құтқарушылар Гаитиде болған 7,2 баллдық жер сілкінісінен аман қалғандарды табуға тырысып жатыр.

Жер сілкінісі салдарынан кем дегенде 1419 адам қайтыс болды, 6900-ден аса адам жарақат алды және біраз адам әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткен.

Гаити билігі мәліметі бойынша, ондаған шіркеу, 37 312 үй, қонақүйлер мен мектептер жер сілкінісінен зардап шегіп, қираған. Хабарламаға сүйенсек, 30 мыңнан аса отбасы баспанасыз қалған.

Аймақтағы саясаткер Жакмель Деус Дероннет Twitter-де аралдың шығысында нөсер қалай жауып жатқанын түсірген видео жариялады.

Көмек топтары арасында таралған мәліметке сәйкес, ең көп зардап шеккен аймақта тағы 450-ден аса адам қаза болған. Осыған байланысты ел билігі өлім саны әлі де артуы мүмкін деп ескертті. Ле-Ке қаласындағы және оның айналасындағы аудандар ең көп зардап шекті.

Қалалық ауруханалар толып кетті, ауруханаларда орын болмаған соң дәрігерлер мен медбикелер науқастарды тұрақта, шатырларда қабылдап жатыр. Ауруханадан тыс жерде ондаған адам төсектер мен төсеніштерде жатыр. Жаңа туған нәрестелерге арналған уақытша бөлімде ерікті болып жұмыс істеген доктор Люсетт Гедеон, ауруханада антибиотиктер мен анестетиктер таусылғанын айтты.

"Үйінділер астында ұзақ болғаннан кейін аяқ-қолын кесіп тастауға тура келген балалар болды", - деді дәрігер.

Еске салайық, Гаити жағалауында 7,2 баллдық жойқын жер сілкінісі болды. АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) табиғи апаттан қаза болғандар саны бірнеше мың адамға, зардап шеккендер саны ондаған мыңға жетуі мүмкін деп болжайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары