Әйелдердің құқығы сақталып, қоғамда тыныштық пен бейбіт өмірді сақтаймыз деген тәліптер адам өлтіруді бастап кеткен сияқты, деп хабарлайды ЭК.
Тәліптер Ауғанстанның Фараб провинциясында төрт баланың анасын ұрып өлтірді, деп мәлімдейді CNN агенттігі. Олар жалғызбасты әйелдің үйін өртеп кеткен.
Үйге 15 содыр кіріп келді де, бізге тамақ пісіріп бер деп бұйрық берді. Анам біз кедей адамбыз, бізде азық жоқ деп айтты. Сол кезде олар анамды құлатып ап, автоматпен соққылап ұра бастады, - дейді марқұм әйелдің 25 жастағы қызы.
Содырлар бұл үйге 3 күн қатарынан келіп, өздеріне тамақ дайындап беруін талап еткен. Соңғы келгенінде әйелді өлтіріп, үйін өртеп кетті.
Кабулдан 150 шақырым жердегі Жалалабад қаласында тәліп үкіметіне наразылығын танытпақ болған бір топ адамға содырлар оқ атып, үш адамды өлтірді, он шақты адам жарақат алған.
Қала тұрғындары Ауғанстан тәуелсіздігі күніне орай базар маңындағы алаңға жиналып, тәліптер ілген ақ туды алып тастап, орнына өздерінің үштүсті мемлекеттік туын ілмек болған. Оларды қарулы тәліп патрульдері таратып жібермек болады. Басқыншыларға көнбеген жергілікті адамдарды содырлар сабап, ақырында көпшілікке қаратып оқ атқан.
Кабул көшелерінде бейбіт тұрғындар тәліптердің ашу-ызасы тумасын деп қыздардың суреті бейнеленген жарнамаларды жыртып тастап жүр. Базарларда пәрәнжі бағасы 10 есеге қымбаттап кеткен. Көпшілік орындарда содырлар жас қыздарға "Бұл сендердің соңғы күндерің. Жуырда сендейлердің төртеуін аламын" деп қоқан-лоққы көрсету көбейген.
Еске сала кетсек, бұған дейін тәліп үкіметінің өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, онда «барлық ауғанстандықтардың қауіпсіздігі сақталатын болады және қоғамдағы әйелдердің рөлі сақталады» деп уәде берген болатын.
«Талибан» қозғалысы — Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынған лаңкестік ұйым.