19.08.2021, 11:00

Ауғанстан құрамасының футболшысы елден ұшып кетпекші болған кезде қаза тапты

Фото: ашық дерекөз
Жас спортшының Кабул әуежайында ұшып бара жатқан америкалық С-17А әскери ұшағына жанаталаса жармасқан сәті видеоға түсіп қалған.

Ауғанстандық жас спортшы Заки Анвари Кабул әуежайында америкалық С-17А әскери ұшағына жармасамын деп мерт болды, деп хабарлайды ЭК. Бұл туралы ауған журналисі Бабак Тагвай Babak Taghvaee Twitter-де жазған.

Жас спортшының Кабул әуежайында ұшып бара жатқан америкалық С-17А әскери ұшағына жанаталаса жармасқан сәті видеоға түсіп қалған.

Анваримен бірге ұшақтың қапталына жабыса көтерілген бірнеше адам болды.

Осылайша өз өмірін құтқармақ болған жас футболшы ұшақтан құлап мерт болды.

Бұған дейін Интернетте АҚШ әскери әуе күштері ұшағының көкке қалай көтерілгені түсірілген видео жарияланған. Кадрда шасси мен ұшақтың басқа бөліктерін ұстаған бірнеше адам көрінді және олар сол мезетте құлап қаза тапқан.

Reuters басылымы АҚШ әуе күштеріне сілтеме жасай отырып, Кабулдан оралған американың С-17 ұшағының қондырғысынан адам сүйектері табылғанын хабарлады.

The New York Times газетінің жазуынша, америкалық ұшқыштар шассидегі адам сүйектерін көргеннен кейін психологиялық көмекке мұқтаж болған.