$ 449.58  486.94  4.86

Ауған журналисімен сұхбат: соңғы бір айда не өзгерді?

Өкінішке қарай, жақсы күндерден ешқайдай үміт жоқ. Менің ойымша, біз осы басымызға түскен қиындықтан зардап шеге береміз.

15-ші тамызда Талибан әскери тобы (Қазақстанда тиым салынған экстремистік ұйым) Ауғанстанның астанасы Кабулды басып алып, 16-шы тамызда «соғыс» аяқталғанын мәлімдеді. Одан бері бір ай уақыт өтті. Ауған халқының қазіргі жағдайы қалай? Талибан билікке келгелі елде қандай өзгерістер болды? Ауғанстанның экономикасында, денсаулық сақтау саласында қандай өзгерістер орын алуда?

Abai.kz ақпараттық порталы осы және өзге де мәселелерді Ауғанстандағы БАҚ өкілдерінен (тілшілерінен) сұрап, аз-кем сұхбат жасады.

Ескерту: Спикерлердің өміріне қауіп төнуі мүмкін болғандықтан шынайы аты-жөндерін көрсетпеу туралы өтініштерін ескере отырып, бүркеншек атпен жариялап отырмыз.

Саяси, мәдени, экономикалық, академиялық аспектілерден ондаған жылға артта қалдық

- Тәлібтердің Ауғанстанды басып алып, өз билигін орнатқанына бір айдан асып барады. Елдің қазіргі жағдайын сипаттап беріңізші...

- Менің атым Хан Афған. Жасым 33-те, фрилансермін (ред. Кейіпкер шын атын және жұмыс орнын жария етпеуді өтінді). Мен Ауғанстанның астанасы Кабул қаласында тұрамын. Қазіргі Ауғанстанның  жағдайы аяқ асты өзгерді. Талибан билікті өз қолына алғалы елдің тұрмыс-тіршілігі қиындап, халық өте төмен жағдайда өмір сүріп жатыр. Азаматтардың жеке шоттарындағы ақшаны алуға банк шектеу қойған, жалақы тоқтатылған, тұтастай алғанда жеке кәсіпкерлік, күнделікті сауда-саттық түрлі қиындықтарға тап болып жатыр. Кедейшілік күннен күнге ұлғайып барады. Ушыққан жағдайға байланысты бас көтергендерді Талибан содырлары қатаң жазаға тартады, ұрып-соғып, өлтіруге дейін апарады. Соңғы уақытта Кабулда және Гератта бірнеше рет билікке қарсы жергілікті халық пен журналистердің көтерілісі болып соңы Тәлібтердің аяусыз соққыға жығуымен аяқталды. Білім беру жүйесі де Талибан режимінің орнауымен көп өзгеріске ұшырады. Мектептер мен Жоғары оқу орындары белгісіз уақытқа дейін жабылды.

Осы уақытқа дейінгі өзімнің бақылауыма сүйенер болсам, жүздеген дәріскерлер мен профессорлар Талибан басқарған елде болашақ жоғын біліп,  кетіп жатыр. Білім беру орындарында адам құқығын таптайтын бірқатар ережелер қабылданып жатыр.

Жақында Білім министрлігінің мемлекеттік мектептерге жолдаған хатында қыз балалар алтыншы сыныптан кейін оқуын жалғастыра алмайтыны айтылған. Оған қоса қыз балалар мен ер балаларды бөліп оқыту үшін сыныптарда перде тұту немесе әр түрлі уақыттарда оқыту сияқты тым консервативті әрекеттер іске асып, университеттерде студенттерді жынысына қарап бөлу сияқты жабайы ережелерге жол ашылды. Десек те Ауғанстан әлеуметтік, саяси, мәдени, экономикалық, академиялық аспектілерден ондаған жылға артта қалғанын мойындауымыз керек. Жығылғанға жұдырық болған Талибан билігінің орнауы Ауғанстанның ат төбеліндей зиялы қауымын жарқын болашақтан үмітін біржола сөндірді.

Ғалымдар, профессорлар мен дәріскерлер босқын болуға мәжбүр

- Білім жүйесі Талибан келмей тұрып қандай еді, келгеннен кейін қандай өзгеріске ұшырады?

- Объективті бақылауым бойынша, соңғы жиырма жылдықта Ауғанстанның Жоғары білім беру жүйесі кәсібиленіп, жақсара түсті деп анық айта аламын. Бірақ Талибан режимінің келуімен білім жүйесіне енген жаңалықтар мен оң өзгерістер ысырап болып, білім саласы тағы да ондаған жылдарға артқа қалғалы тұр. Соңғы жиырма жылдық жеке секторлар үшін өте жемісті болды. Білім саласына мол инвестиция салынып, жүздеген жекеменшік мектептер мен университеттер ашылғанына куә болдық. Бұл кезең қыз балалардың еркін білім алуына мүмкіндік берді. Қыз балаларға білім берудің алтын кезеңі деуге болады. Он жыл бұрын ғана жоғары оқу орындарында бірнеше доктор және магистр дәрежесі бар оқытушылар және 90% бакалавр дәрежелі оқытушылар еңбек еткен болса, бүгінгі күні оқытушылардың 95% доктор және магистр дәрежесі бар дәріскерлер мен профессорлар. Бірақ өкінішке орай орнаған режимге байланысты жоғары білімді оқытушылар, ғалымдар отбасының амандығы үшін босқын болып шетелден пана іздеуге мәжбүр.

Бұрынғы Талибан мен қазіргі Талибанның айырмасы жоқ

- Талибан ұйымы мемлекеттік басқару жүйесі 1990 жылғы режимнен өзгеше, яғни либералды болады деп уәде берген болатын. Олар қанашалықты өз сөзінде тұрды?

- Талибан билікке келгеннен кейін барлық үкіметтік ұйымдар, қоғамдық қызмет орындары өз жұмыстарын тоқтатты. Басқару жүйесі тоқырауға ұшырап, тоқтап тұр. Талибан уақытша үкіметтің құрамын жариялағанымен қоғамдық қызмет әлі де бір қалыпқа келген жоқ. Адамдар кедейшілік құрсауында, келер күннен үмітін үзіп отыр. Оған қоса Ұлттық қауіпсіздік дирекциясы, Ауған ұлттық армиясы, Ауған ұлттық полициясы, арнайы жасақ, жалпы алғанда Ауғанстанның қауіпсіздік күштері, қорғаныс күші Талібтердің оралуымен құлатылды. Елдің ұлттық туы алынып тасталып, ресми жиналыстарда елдің әнұранын шырқауға тиым салынды. Олардың келуі Ауғанстанның ұлттық құндылықтарынан бастап күнделікті тұрмыстың әр аспектісіне кері әсер етті.

Талибанның бұрынғы 1990 жылдардағы режимінен бұл режимнің айырмашылығын көріп тұрған жоқпын. Менің ойымша, олар тек сырт көзге толерантты, жақсы басқарушы үкімет сияқты көрінгісі келеді. Талибан ұлттық маңызы бар мәселелерді шешуде барлық қоғам мүшелері және барлық саяси топтар қатыса алатын инклюзивті үкімет құрамыз деп тамағын жырта айғай салды. Ал, шындығында Талибанның жоғары шенділері билікке ие болып, қалған мүшелерінің биліктен сырт қалғанына куә болдық. Олар ешқандай да инклюзивті үкімет құра алмады.

Білім жүйесіне еніп жатқан кейбір құқық таптаушылықтарға қарап-ақ, 1990 жылдардағы Талибанның еш өзгермегенін байқауға болады. Олардың мақсаты жас ұрпақтың артта қалғаны мен білім мен ғылымнан шектелгені, академиялық кәсіби жолдың жабылғаны.

Ауғанстан сырттан келетін көмекке тәуелді еді. Енді ол да жоқ

- Қазір Ауғанстанның экономикалық жағдайы қалай?

- Ауғанстанның  бұрынғы президенттері Хамид Карзай да,  Ашраф Гани да елдің мықты экономикалық инфроструктурасының негізін қалай алмады. Олар көбіне сырттан келетін көмекке арқа сүйеді. Ал, енді Талибан келгелі халықаралық көмек те тоқтап тұр. Бұлай жалғаса берсе кедейшіліктің деңгейі қандай болары белгілі. Көптеген адамдар жұмыстарынан айырылды, соңғы екі айда еңбекақы төленбеді. Халықаралық сауда-саттық көлемі өте төменгі деңгейге түсті.

2500-ге жуық медициналық орталық жабылмақшы

- Ал Денсаулық саласында не өзгерді?

- Ауғанстанның денсаулық саласына көрсетіліп келген халықаралық медициналық көмек біраз қысқартылды. Тәлібтердің келуімен Ауғанстанда орналасқан халықаралық ұйымдардың кеңселері жабылып, ауғандықтарға қызмет етуін де тоқтатты. Денсаулық министрлігінің мәлімдеуінше, әлемдік банк қаржыландыратын 2500-ге жуық медициналық орталық жабылмақшы, 33 мың медицина қызметкері жұмысынан айырылады. Бұл тек қана бір мысал, мұндай жағдай елдің әр аумағында қайталанып жатыр. Бұл келешекте өте үлкен гуманитарлық кризиске әкелетіні сөзсіз.

Бұлай жалғаса берсе, Ауғанстанның келшегі қалай болады деп ойласыз?.. Өкінішке қарай, жақсы күндерден ешқайдай үміт жоқ. Менің ойымша, біз осы басымызға түскен қиындықтан зардап шеге береміз. Әрі қарай қинала түсеміз. Бұл халықты тағы да қиын да бітіспес соғысқа алып келеді. Тағы да ондаған жылдарға артқа кеткен, инфроструктурасы қираған елге айналамыз. Менің ойым қате болып шықса деп үміттенем. Тағдыры талапайға салынған, соғыстан көз ашпаған елімізге аз болса да көкірегін кере еркін ауа жұтатын бейбіт күндерді көруін тілеймін.

Abai.kz
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Ауғанстан