Желіде Ресейдің Пермь университетінде оқ жаудырған болуы мүмкін күдіктінің суреті тарады. Алдын ала болжам бойынша ол 18 жастағы Тимур Бекмансуров деп хабарлайды Life Shot Telegram каналы.
Қайғылы оқиғадан 40 минут бұрын ол әлеуметтік желіде сурет жариялап, атыстың теракт емес екенін, мұны біраз уақыттан бері ойлап жүргенін жазған.
«Бұл туралы бұрыннан бері армандайтынмын және 10 сыныптан бері қаруға ақша жинадым. 2021 жылы лицензия алу процедурасын бастадым», - деп келтіреді Life Shot оның сөзін.
Сонымен бірге, жігіттің тир ату орнында нұсқаушы болып жұмыс істегені, кейін бытыралы мылтық сатып алғаны хабарланды. Болжам бойынша Тимур Бекмансуров оқ атуға ыңғайлы жерді таңдап алған. Ол өзі тоғызыншы сыныпта қосымша курсқа барған, кейін оқуға түскен университетті қолайлы орын деп тапса керек.
Ал Lenta.ru-дың жазуынша, Бекмансуров сабаққа келмейтінін курстастарына алдын ала ескерткен. Бұл туралы күдікті оқыған топтың «старостасы» айтқан. Қыздың сөзінше, Бекмансуров қаруы бар екенін ешқашан жасырмаған.
«Тимур екеуіміз бір топта оқимыз. Ол маған бүгін сабаққа келмейтінін айтты. Мен «староста» болғандықтан ескертті. Ол өзінің қаруы бар екенін айтатын, №60-мектепте оқыған. Мен онымен бірге үйге қайтатынмын», - дейді студент қыз.
Тимур Бекмансуров Пермь мемлекеттік университетінің бірінші курсында оқыған. Сол себепті оны студенттер жақсы танымаған. Куәгерлердің айтуынша, күдікті ғимаратқа еш кедергісіз кіріп, бірінші қабатта болғандардың бәріне оқ жаудырған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ресейдің Пермь қаласындағы университетте атыс болып, сегіз адамның қаза тапқанын хабарлаған едік.