27.09.2021, 12:00

Пермьдегі атқышқа қандай жаза кесілуі мүмкін?

Фото: ашық дереккөз
Бекмансуровтың жағдайы тұрақтала салысымен оны Мәскеуге ауыстырады, ол жерде «Матросская Тишина» тергеу изоляторына орналастырылады.

Ресей Федерал қылмыстық-атқару қызметі қоғамдық кеңесінің мүшесі Ева Меркачева «Московский комсомолец» басылымына берген сұхбатында Пермь университетінде атыс шағарған Тимур Бекмансуровты түрмеде не күтіп тұрғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұрын Бекмансуровтың аяғы кесілгені белгілі болған еді, оның жағдайы өте ауыр және тұрақсыз. Осыдан кейін, желіде атқыш қамауға алынбайды және мүгедектігіне байланысты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілмейді деген болжамдар жарияланды.

Алайда, сарапшының айтуынша, 18 жастағы студенттің аяғының кесілуі және амнезия ықтималдығы оны түрмеден құтқара алмайды. Бекмансуровтың жағдайы тұрақтала салысымен оны Мәскеуге ауыстырады, ол жерде «Матросская Тишина» тергеу изоляторына орналастырылады.

Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, соттар мұндай ауыр қылмыстар үшін іс жүзінде денсаулық жағдайына қарамастан қамауға алады. Тіпті мүгедек деп танылғандар да түрмеге жіберіледі.

Қазір Мәскеу тергеу изоляторларында екі аяғы жоқ, күрделі ампутация жасалған адамдар бар. Осы уақытқа дейін «Матросская Тишина» тергеу изоляторында бірнеше мүгедек арбасындағылар, ал "Кремлевский централда» қолы, бүйрегі, ұйқы безі мен бауырының бір бөлігі жоқ тұтқындар болған. Егер денсаулық жағдайы тұрақты бақылауды қажет етсе, онда тұтқын тергеу изоляторындағы ауруханаға жатқызылады. 

Егер дәрігерлер атыс шығарған адамның есі дұрыс деп тапса, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мүгедектерге де сау адамдар сияқты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы беріледі, дейді сарапшы.

Еске салайық, Пермь мемлекеттік университетіндегі атыс 20 қыркүйекте таңертең болған. Оны 12 калибрлі қарумен қаруланған бірінші курс студенті Тимур Бекмансуров ұйымдастырған. Алты адам атыстың құрбаны болды, тағы 43 адам жарақат алды. Студентті ұстау кезінде полицей оны ауыр жаралаған. Бекмансуров реанимацияға түсті, кейін аяғы кесілген болатын.