АҚШ-та экс-президент Дональд Трамп жақтастарының Капитолийге басып кірмек болған әрекетіне байланысты ең қатал үкім жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Флорида соты жергілікті тұрғын Роберта Палмер есімді азаматты "Капитолийге күшпен кірмек болды, полицияға қарсы тақтай мен өрт сөндіргіш баллон пайдаланды" деп айыптап, бес жыл үш айға түрмеге қамау жөнінде үкім шығарды. Бұл жөнінде "Америка дауысы" мәлімдеді.
Үкім жұма күні шыққан. Бастапқыда Палмерге 20 жылға бостандығынан айырып, 250 мың доллар төлеу қаупі төнген. "Мәртебелі сот, істеген ісіме шынымен да ұялып тұрмын", – деген Флориданың 54 жастағы тұрғыны, қатты өкінетінін көзіне жас алып тұрып білдірген.
Прокуратура биыл 6 қаңтарда Капитолийге шабуыл кезінде Роберт Палмер Конгресс ғимаратын қорғап тұрған полицейлерге ағаш тақтай лақтырып, өрт сөндіргішпен көбік шашты деп айыптайды. Көбігі таусылған баллонды да полицияға қарсы лақтырған.
Палмер – биыл қаңтардың басында Капитолийге жасалған шабуылға байланысты айыпталған 700 адамның бірі. Шабуыл кезінде оннан астам полиция соққыға жығылып, жараланған. Текетірес кезінде 5 адам қаза тапқан. Капитолийге келген шығын 1,5 миллион долларға бағаланған.
Палмер бұған дейін судьяға жазған хатында өзін Трампқа берілген адам ретінде сезінгенін және сайлау нәтижесі бұрмаланды деген жалған сөзге сеніп қалғанын айтқан.
Палмер өзіне берілген жазаны әділетсіз деп есептейтінін, өйткені шабуылды ұйымдастырушылар бостандықта жүргенін жеткізген.
Еске салайық, биыл 6 қаңтарда АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ақ үй маңындағы митингіде 2020 жылы өткен президент сайлауы нәтижесінің бұрмаланғанын айтқаннан кейін оның жақтастары Конгресс ғимаратына басып кірген. Ашулы топ әйнекті шағып, полициямен төбелескен. Дәл сол кезде Конгресте қос палатаның отырысы өтіп жатқан. Онда заң шығару орган өкілдері Джо Байденнің жеңісін мақұлдамақ болған. Бірақ олар шұғыл эвакуацияланды. Қақтығыстан бес адам қаза тапты, арасында полиция офицері де бар.
"Капитолийге шабуыл" ісі бойынша соттың алғашқы үкімі биыл маусымда шықты.